Басты Жаңалықтар Еңбек адамы: Жастарға жол көрсеткен тәлімгер

Еңбек адамы: Жастарға жол көрсеткен тәлімгер

Петропавл қаласының тұрғыны Асылтас Қабошева 40 жылға жуық уақыттан бері арнайы байланыс құралдары шығарылатын кәсіпорында еңбек етіп келеді. Тәжірибелі маман білген-түйгенін жастарға үйретуден жалыққан емес. Ол республикалық «Еңбек жолы» байқауының облыстық кезеңінде үздіктер қатарынан табылды.

Асылтас Қабошева, слесарь:

Біздің жұмыс таңғы сағат 8-де басталып, кешкі 5-ке дейін жалғасады. Әр күн сайын атқаратын ісіміз әртүрлі. Ешқандай жеңілдігі жоқ, бәріне бірдей талап қойылады. Өзіме де оңай емес, темірмен жұмыс істейміз, ал темірдің салмағы әртүрлі, жұмысы ауыр. Слесарь болу үшін сызбаны жақсы білу керек. Әр бөлшектің өз өлшемі болады, сол өлшемдерді нақты біліп отыру қажет.

Бұл біздің зауыттағы Киров атындағы мұражай. Мұндағы барлық өнім осы зауытта шығарылған. 1984 жылы мектепті бітірдім. Сол кезде-ақ магнитофон дегенді білдім. 1989 жылы зауытқа келгенімде оның барлық бөлшектерін көзіммен көріп, қолмен жасалған жұмыстың куәсі болдым. Қазір сол кездер есіме түссе, жүрегім сыздайды. Бұл — біздің еңбегіміз, естелікке қалған іздеріміз. Ертең немерелерім де «Әжеміз осындай еңбек етіпті» деп айта алады.

Мен бұл зауытқа 25 жасымда келгенмін. Жастар да осылай келіп, үйреніп, шыңдалса деймін. Бәріміз бірден бастық болып кете алмаймыз, өндірістік жұмысты да біреу істеуі керек. Қазақстанда осындай зауыттар көп болса, жастарға жұмыс көбейсе деп тілеймін.


Бөлісу