Басты Жаңалықтар Автосақтандыру компаниялары төлейтін өтемақы мөлшері екі есе өседі

Автосақтандыру компаниялары төлейтін өтемақы мөлшері екі есе өседі

Қазір жол апатына түскен автокөлікке сақтандыру компаниясы ең көп дегенде 600 айлық есептік көрсеткіш көлемінде өтемақы төлейді. Енді осы және басқа да өтемақы түрлерінің мөлшері екі есе өседі. Яғни, шамамен 2,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін ұлғаяды. Бүгін Мәжілісте жаңа заң жобасы таныстырылды. Құжатта тағы бірқатар өзгеріс бар. Енді жол апатында адам мүгедек болып қалса, көз жұмса, төленетін өтемақылар екі есе өседі. Бұдан бөлек, жол апатында адам қаза тапқан жағдайда оның өтемақысы тек қана балаларына ғана емес, жарына немесе ата-анасына да берілмек. Себебі қолданыстағы заңда марқұмның балалары болмаса ақша сақтандыру компаниясында қалатын еді. Тағы бір норма - жол апатында адам қаза тапқан жағдайда төленетін өтемақы бар екенін сақтандыру компаниялары отбасына дереу хабарлауға міндетті болады. Себебі қара жамылған отбасы ақпаратты білмеуі және ұмытып кетуі мүмкін.

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұл заң жобасының ең басты міндеті, ең басты қағидаты – еліміздің, халқымыздың алдындағы әлеуметтік әділеттілікті қалыпқа келтіру мәселесі. Яки, бұл сақтандыру компанияларының алдында азаматтардың құқығын қорғау, тиісті өтемақы алуға көмектесу мәселесі.


Бөлісу