Басты Жаңалықтар Хьюстонда қазақ мәдениетін паш ететін орталық бар

Хьюстонда қазақ мәдениетін паш ететін орталық бар

Америкада қазақтың қолөнерін, ұлттық киімдері мен тағамдарын және тұтас мәдениетін паш ететін дүкен бар. Дүкеннен бұрын бұл жерді мәдени орталық  немесе мұражай десек те болар. Хьюстон қаласындағы ұлттық бояуға қанық Qazaq House-ты тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы арнайы барып, ондағы жұмыс барысымен танысып қайтты.

Салтанат осы Qazaq House-ты құрған кәсіпкер. Бізге әр бұйымды, әр бұрышты ерекше сүйіспеншілікпен көрсетіп жатыр. Ұлтқа деген жанашырлық, мәдениетімізге деген мақтаныш байқалады. Әр затта қазақтың бояуы, колориті көрінеді.

Бұл шыршаға арналған ойыншықтар. Американдықтар өте қызығады. Бұл дүние Қазақтанда жоқ.

Мұнда қазақтың тарихын, ежелгі тұрмысын паш ететін жәдігерлер көп. Екі қабатты ғимараттың ішінде бос орын жоқ десек те болар. Ұлттық тағамдар, әшекей-бұйымдар және  ұлттық киімдер және музыкалық аспаптар да сатылымда бар. Әсіресе, қазақтың ою-өрнекті киімдеріне деген сұраныс көп екен.

Рубио:

Өте әдемі! Маған мына түстер ұнайды. Мына шапан қатты ұнады. Қазақстан жайлы көп ақпарат алып, қызықты жәдігерлерді көрдім. Ал, мынау шапан қазіргі уақытқа дәл келетін киім екен. Рахмет!

АҚШ-та көптеген диаспораның ұлттық дүкені бар. Салтанат соларды көріп, Хьюстонда қазақтың бір шаңырағын көтергісі келді. Бұл бастаманы жергілікті қазақтар да қолдап, қолда бар құнды жәдігерлерін әкелген.

Кішкентай ғана дүкен ашамын деген ойдан басталған іс қазір тұтас бір мұражай іспетті орталыққа айналып отыр. Бірақ Салтанның негізгі мақсаты мен үндеуі ұлттық трендті қалыптастыру.

Салтанат:

Өзіміздің ұлттық киімімізді, бұйымымызды сол мерекеде немесе қонаққа, тойға барғанда ғана емес, күнделікті қолданып жүрсек. Мысалы, кішкентай бөлігі болса, бір әшекей болса да, күнделікті өмірде біздің қазақтың мәдениетін көрсететін дүние болса екен деп, ойлаймын, армандаймын, өзім соны жасауға тырысамын.

Ғимараттың ішінде қазақтың күйі күмбірлеп, әні әуелеп тұр. Америкада емес, елде жүргендей сезінесің. Салтанат бұған дейін жазғы демалыс кезінде ана тілі сабағын ашып, қазақ балаларына дәріс берген. Енді сол игі ісін жыл он екі ай, жүйелі жүргізіп отыруды жоспарлап отыр.

 



Бөлісу