Дәуір көшіп барады...
2025 жылдың аяқталуына 5 күн қалды. Тағы бір жыл тарих қойнауына кеткелі тұр. Өкінішке қарай биыл қаралы, суыт хабар аз болмады. Тау тұлғалардан айырылдық. 2025 жылмен бірге тұтас бір дәуір көшіп барады.
Жыл басында қаралы хабар жетті. Әдебиет әміршісі, тарих тамыршысы болған Мұтар Мағауин 85 жасқа қараған тұсында дүние салды.
Рас, Мағауин майыспаған мінезі енді мәңгілікпен сол таза қалпында, саф күйінде тілдесіп жатыр.
95 жасқа қараған шағында белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлы өмірден өтті. Абыздың еңбектерін таныған адам, Абай мен Мұхтардың, батыр Бауыржан мен ұлы ойшыл Яссауидің мол мұрасымен тереңірек танысады.
Араға ай салып қазақ руханияты қайта қара жамылды. Қабырғалы қаламгер, ұлы классик Дулат Исабеков 83 жасқа қараған шағында келместің кемесіне мінді. 85 жасқа қараған шағында Сейіт Қасқабасов бақилық болды. Ұлт руханиятын ұлықтап, қазақ ауыз әдебиетін терең зерделеуге бар саналы ғұмырын арнаған зиялы тұлға еді. Әдебиет әлемінің Әкімі де 92 жасқа қараған шағында фәниден бақиға бет түзеді. Ақ жүрді, ақ сөйледі, ақ өлім бұйырды десті-замандастары.
81 жасқа қараған шағында жазушы, ақын Темірхан Медетбек 84 жасында халық жазушысы, драматург әрі сазгер Исраил Сапарбай өмірден өтті. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын Күләш Ахметова 80 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ал қазақ телевизиясының дамуына сүбелі үлес қосқан қайраткер Ғалым Доскен 65 жаста көз жұмды. Әр қаза тұтас қазақ елінің қабырғасын қайыстырды.
Осы аптаның басында ғана қазақ елі тағы бір аңызын ақтық сапарға шығарып салды. Талантты актер әрі режиссер Асанәлі Әшімов 88 жасында өмірден өтті. Биыл дүниемен қоштасқан қайраткерлердің дені 80-ге жеткен, 90-нан асқан тұлғалар еді. Әр қаза сайын қазынамыз кеміп, дариямыз тарылды. Анығы сол өшпейтін, өзімен бірге көшпейтін із қалдырып, алыптар ауып барады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы