Америкада 5 жылда 150 қазақстандық бизнес ашты
Америкада кәсіп ашу - көп адам үшін арман, Бірақ сол арманды нақты іске айналдырып жүрген адамдар бар. Солардың бірі жерлесіміз – Гүлмира Сариева. Ол 150-ден аса қазақстандықтың бизнес ашып, кәсібін дөңгелетуіне себепкер болған.
Гүлмира АҚШ-қа 2018 жылы жұмыс визасымен келген. Қазірде Америкада бизнес ашуға және дайын бизнесті сатып алуға жәрдемдеседі. Осы уақытқа дейін оның көмегімен 150-ден аса кәсіп ашылған. Бұл - небәрі 5 жылдың ішіндегі нәтиже.
Гүлмира Сариева, кәсіпкер:
Америкаға келген кезде көпшілігі «ағылшынша білмеймін, бизнесті қалай жүргіземін» деп,ойлайды. Негізі оның бәрі жай нәрсе. Өйткені, Америкада тілсіз де бизнес жасап жатқан адамдар көп. Менеджерді жұмысқа алады, партнерды алады. Соның ішінде Ерлан есімді бір клиентім бар. Алғашында 2 тракт болған, қазір 72 тракты бар.
Андрей Чалковский – Гүлмираның көмегіне жүгініп, өз кәсібін ашқан азаматтардың бірі. Қазір АҚШ-тың Даллас қаласында кәсіби бояу қызметін көрсететін компаниясы бар. Тұрғын үйлер мен коммерциялық ғимараттарда ішкі және сыртқы бояу жұмыстарын орындайды.
Андрей Чалковский, кәсіпкер:
Америкада тұрып жатқаныма 4 жыл болды. Осы уақыт ішінде тұрғын үйлер мен коммерциялық ғимараттарға арналған сырлау жұмыстарын орындайтын компания құрдым. Біздің компаниямыз «Nomad Painting» деп аталады. Бұл атауда менің Отаныма деген сүйіспеншілік бар. Жалпы, Америкада кәсіп жүргізіп жатқан қазақстандықтар өте көп. Ең қызығы, әр бизнестен Қазақстанның белгісі, ерекшелігі байқалып тұрады.
Америкада әр штат әр түрлі мемлекет сияқты жұмыс істейді. Заңдары әр қилы. Сондықтан мұнда келіп, кәсіп ашамын деген азаматтар үшін құқықтық тұрғыда көмек аса қажет.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы