Басты Жаңалықтар Отандық машина жасау саласы жаңа деңгейге көтеріледі

Отандық машина жасау саласы жаңа деңгейге көтеріледі

Отандық машина жасау саласы жинақтап-құрастырудан жаңа деңгейге көтеріледі. Астанада өткен Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумының панельдік отырысына қатысқан Премьер-министр осылай деді. Олжас Бектенов сектордың барлық басты бағытында оң динамика байқалатынын, оның ішінде автокөлік, ауыл шаруашылығы, теміржол және электротехникалық машиналарын жасау белсенді дамып жатқанына тоқталды. Ең бастысы капитал тарту жұмысы қызу жүріп жатыр. Мәселен, салаға 367 млрд инвестиция құйылған. Экспорт көлемі де арта түскен.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Кейінгі бес жылда экспорт көлемі екі еседен асып, 1,3 млрд доллардан 3,1 млрд долларға дейін өсті. Қазақстандық өндірушілер экспорттық нарықтарды сенімді түрде бағындыра бастады. Аталған көрсеткіштердің ар жағында еліміз бойынша 4 мың кәсіпорында жұмыс істейтін 130 мыңнан астам білікті маманның қажырлы еңбегі тұр.

3 күнге жалғасқан форумға Германия, Италия, Австрия, Түркия, Қытай  сынды 24 елден 200-ден астам компанияның өкілі қатысты. Онда  4000 маман қатысқан өнімдер көрмесі, панельдік сессиялар өтіп, машина жасауды кешенді дамыту жоспарын жүзеге асыру, шетелдік серіктестердің рөлі, саланы цифрландыру мен роботтандыру, сондай-ақ білікті кадрларды даярлау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар негізгі теміржол, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, электротехника, автомобиль жасау және тау-кен металлургия саласындағы машина жасауға ерекше назар аударылды.

Чжоу Вэйдонг, ҚХР Халықаралық сауданы ілгерілету комитетінің машина жасау кеңесінің президенті:

Қазақстан қазір цифрландыру мен өндірісті жаңарту кезеңінде тұр, бұл бағытта еліңіздің әлеуеті өте жоғары. Өнеркәсіптік роботтарды дамыту үшін технологияларды енгізуді жеңілдетіп, нақты жобаларға назар аудару керек. Сондай-ақ тиімді жұмыс істейтін жүйе құрып, деректер қауіпсіздігін күшейту маңызды. Қазір мамандардың жетіспеуі және жүйелерді біріктірудің қиындығы сияқты мәселелер бар. Сондықтан шетелдік тәжірибені пайдаланып, бірлескен жобаларды іске асыру жақсы нәтиже береді.


Бөлісу