Басты Жаңалықтар Axios: АҚШ пен Иранға атысты тоқтату жоспары ұсынылды

Axios: АҚШ пен Иранға атысты тоқтату жоспары ұсынылды

Иран мен АҚШ уақытша бітім мәселесін талқылап жатыр. Axios пен Reuters агенттігі осылай деп хабарлады. Араағайындар ұсынған құжатта алдымен атысты 45 күнге тоқтатып, содан кейін ақырғы келісім жасау көзделген. Бұл ақпаратқа сай, жоспар бүгін күшіне енуі тиіс. 

Тараптар арасында уақытша бітім жасауға бағытталған келіссөзге Пәкістан, Мысыр және Түркия арағайындық танытқан. Бұған қоса, АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы уәкілі Стив Уиткофф мен Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи бір-бірімен хабарлама алмасып жатыр. АҚШ пен Иранға «Исламабад келісімі» атты екі кезеңнен тұратын жоспар тапсырылған. Құжатта алдымен атысты дереу 45 күнге тоқтату туралы айтылған. «Би-Би-Си-дің» дерегіне сай, жоспар бүгін күшіне енуі тиіс. Ал кейін соғысты тоқтату туралы қорытынды келісім жасалады. Бұл кезеңге дейін Ормуз бұғазын толық ашу және Иранның жоғары байытылған уран мәселесі шешімін табуы қажет.

Әли Ваез, сарапшы:

Дипломатиялық тұрғыдан қақтығыс аяқталуға жақын қалды деп есептемеймін. Тараптардың ұстанымдары бір-бірінен тым алшақ, мақсаттары әртүрлі. Сол себепті хабар алмасу арағайындар арқылы жүреді. Атысты тоқтату немесе тұрақты бітімге қол жеткізу жуық арада бола қоймайтын сияқты.

Иран тарапы бірінші кезеңде Ормуз бұғазын ашуға үзілді-кесілді қарсы. Ал Дональд Трамп бұған дейін Тегеранға жаңа ультиматум қойып, сейсенбіге дейін уақыт берді. Әлеуметтік желідегі жазбасында АҚШ президенті әлем мұнайы мен сұйытылған газының 20 пайызы өтетін Ормуз бұғазы берілген уақытқа дейін ашылмаса, Иранның электр станциялары мен көпірлерін қирататынын ескертті. Ал Иран АҚШ-тың кез келген шабуылына тез арада қарымта қайтаратынын мәлімдеді.

Эсмаил Багаи, Иран сыртқы істер министрлігінің өкілі:

Қарулы күштеріміз Иранның инфрақұрылымына шабуыл жасалған жағдайда тез әрекет етіп, Құрама штаттарға тиесілі кез келген нысанға соққы береді. Заңсыз әрекетке осылай жауап береміз.

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы шабуылы жалғасып жатыр. Иран да Израильге, өңірдегі АҚШ-тың нысандарына оқ жаудырды. Израильдің Хайфа қаласына зымыран жіберіп, 4 адамды мерт қылған. Мұның алдында Израильдің соққысынан Ислам Республикасы сақшыларының корпусы барлау қызметінің басшысы Мажид Хадеми қаза тапты. Бұған қоса, Израиль қорғаныс министрі Иранның Эселуйе қаласындағы мұнай-химия кешеніне соққы бергенін мәлімдеді. Аталған нысан елдің мұнай-химия өнімдерінің 85 пайызын экспорттайды.


Бөлісу