Конституцияны түсіндіру жұмысы жаңа қарқын алады
Жаңа Конституцияның тың қағидаттары мектептер мен колледждердің оқу бағдарламаларына енгізіледі. Бүгін Олжас Бектенов білім беру саласындағы министрліктерге осындай тапсырма берді. Жалпы, Ата заңды түсіндіру жұмыстары барлық деңгейде ширай түспек.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет Ата заңды кеңінен насихаттауға арналған арнайы жоспарды бекітті. Қазір құжаттың әрбір бабы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Премьер-министр жауапты министрліктерге бұл жұмысты тоқтатпай, керісінше ауқымын кеңейтуді міндеттеді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері халықтың құқықтық сауаттылығын қалыптастыру жөніндегі кешенді бағдарламаны уақытылы әзірлеп, Конституцияның тың қағидаттарын мектептер мен колледждердің және университеттердің үлгілі оқу бағдарламаларына енгізуді қамтамасыз етуге тиіс. Жаңа Конституцияның нормаларын ескере отырып, белгіленген мерзімдерде қолданыстағы заңнамаға кешенді талдау жүргізіп, барлық заңдар мен бағдарламалық құжаттарды өзектендіру жұмыстарын аяқтау қажет.
Жиында азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Себебі Конституция – әр қазақстандықтың құқығы мен бостандығының кепілі. Оны түсіну – тек заңгерлердің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жаңадан Халық Кеңесі секілді институттар енгізіліп жатыр. Сондай-ақ адвокаттар институты енгізіліп жатыр. Конституция тек қана заңгерлерге арналған құжат емес. Ол мектеп жасынан бастап, зейнет жасына дейігі азаматтардың барлығы оқып, мәні бойынша сұрақ қойып, талдап, талқылайтындай құжат.
Сарапшылардың пікірінше, бұл құжаттың басты ерекшелігі – оның ашық әрі халықтың қатысуымен қабылдануы. Сондықтан оны шын мәнінде «Халықтық Конституция» деуге толық негіз бар.
Марат Башимов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұл барлық азаматқа жазылған Ата заң. Ол ұсыныстардың барлығын да халықтың алдында талқылағанның өзі қандай? Конституциялық процестің ашық түрде өткенін бірінші рет көріп тұрмын.
Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға бекітілген жоспарды сапалы әрі уақытылы іске асыруды тапсырды. Ата заңды түсіндіру – бірреттік науқан емес, үздіксіз жүретін үдеріс. Өйткені құқықтық сауатты қоғам ғана әділетті мемлекет құра алады. Ал заңын таныған ел – ертеңіне сенімді ел.
Автор
Оңғар Алпысбайұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Қоқыс полигондарының 80%-ы санитарлық талаптарға сай емес
07.04.2026, 20:57
Азия чемпионаты: Сегіз боксшымыз финалда
07.04.2026, 20:50
Жоғалған балалар бірнеше күннен бері табылмай жатыр
07.04.2026, 20:14
Соңғы 3 жылда терезеден 104 бала құлап, көз жұмды
07.04.2026, 20:10
Тегеран Трамптың шарттарын орындаудан бас тартты
07.04.2026, 20:10
Бензин бағасы бақылауда
07.04.2026, 20:08
Алматыда самокаттардың тең жартысы айып тұрағына қойылды
07.04.2026, 20:08
Шетелдегі айыптұрақтары ақылы ма?
07.04.2026, 20:07