Мемлекет басшысы Өзбекстанға жұмыс сапарымен барды
Қазақстан мен Өзбекстан сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтпек. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға жұмыс сапарымен барып, Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесті. Тараптар сирек кездесетін металдарды өндіру мен өңдеу, көлік-транзит, су-энергетика салалары және ІТ секторындағы ықпалдастық мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады. Президенттің сапары жайлы тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатады.
Мемлекет басшысын Бұхара әуежайынан Шавкат Мирзиёевтің өзі қарсы алды. Салтанатты қарсы алу рәсімінде Қазақстан Президентінің құрметіне қазақтың ұлттық әні орындалды. Айта кету керек, бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы бес айдағы көрші елге жасаған екінші сапары.
Қазақстан Президентінің Өзбекстанға жұмыс сапары Бұхарадағы Бахауддин Нақышбанди кесенесіне зиярат етуден басталды. Мемлекеттер басшылары медресе, екі мешіт пен мұнарадан тұратын мемориалдық кешенді аралап көрді. Зиярат барысында Құран оқылып, бауырлас халықтарға бейбіт өмір мен бақ-береке тілеп, дұға жасалды. Нақышбандия тариқатының негізін салушы Бахауддин Нақышбанди кесенесі XVI ғасырда салынған.
Содан соң екі ел президенттері бейресми кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке қонақжайлықпен қарсы алып, бүгінгі бейресми кездесуді ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шын мәнінде, қазіргі геосаяси құбылмалы жағдайды ескерсек, бұл сапарымды өте маңызды деп айтсақ, қате болмас. Өзбек елі – Қазақстан үшін сенімді стратегиялық серіктес. Біз осы сапар барысында өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасамыз. Күн тәртібінде екіжақты қарым-қатынасымыз бойынша бірқатар аса маңызды мәселе бар. Алайда біздің арамызда ешқандай түсінбеушілік я болмаса кедергі жоқ.Иә, ғасырлардан тамыр тартатын қос халық арасындағы достық пен бауырластық 1992 жылы дипломатиялық байланыстармен беки түсті. Бүгінде қол қойылған жобалар, жоспарлар бірте-бірте орындалып жатыр, біздің Үкімет барлық келісімдерді бұлжытпай іске асыру міндетін жақсы түсініп отыр. Менің бақылауыммен тиісті жұмысты атқарып жатыр, деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Кездесу барысында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту жағы қаралып, сирек кездесетін металдарды өндіру мен өңдеу, көлік-транзит, су-энергетика салалары және ІТ секторындағы ықпалдастық мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мен туризмді дамыту ісіне айрықша мән берілді. Мұндай форматтағы келіссөздердің 2,5 мың жылдан аса тарихы бар киелі Бұхара шаһарында өтуінің өзі ерекше мәнге ие.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұхара – Шығыстың орта ғасырлардағы рухани әрі зияткерлік орталықтарының бірі. Бұл көне шаһар мен қазақ халқының арасында белгілі-белгісіз байланыстар көп. Қазақтың әйгілі ойшылы Мәшһүр Жүсіп Бұхарада ілім жиған. Ғасырлар бойы қазақтың көптеген зиялылары Бұхарада білім алып, жергілікті медреселерде оқыған. Мұнда адамзаттың өркендеуіне айрықша әсер еткен кезеңдер мен ұлы өркениеттің тынысын сезінесіз.Ал, Өзбекстан Президенті бауырлас халықтар арасындағы тату көршілік қарым-қатынасты, стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіріп, еліміздің даму көрсеткіштерін жоғары бағалады. Дәлірек айтсақ, әлемдегі күрделі ахуалға қарамастан, еліңіздің экономика көлемі 300 миллиард доллардан асты. Шикізаттық емес сектор жанданып, ішкі жалпы өнімде шағын және орта кәсіпкерліктің үлес салмағы 40 пайызға жуықтады. Сіз мемлекетті цифрландыру ісіне ерекше мән бересіз. Биыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладыңыз. Еліңіздің жаһандық кеңістіктегі абыройы артып келеді, деді. Мемлекет басшысы да байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін Өзбекстан Президентіне алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Екіжақты қарым-қатынасымыздың бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілуіне, құрметті Шавкат Миромонович, Сіздің қосқан үлесіңіз зор. Қазақстан ең жақын көрші әрі одақтас ел ретінде Сіздің парасатты басшылығыңызбен жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық өзгерістерді толық қолдайды.Мемлекет Басшысы Өзбекстан президентінің «Таза ауа» бастамасына қолдау білдірді
Әңгіме барысында Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентінің «Таза ауа» бастамасына қолдау білдіріп, бұл жоба Қазақстанның ірі қалалары үшін де өзекті екеніне тоқталды. Өйткені барлығымызға мәлім, бізде ауасы лас қалалар жетерлік. Соның айқын көрінісі – Алматы. Президент Шавкат Мирзиёевке аталған бастаманы бірігіп жүзеге асыруды ұсынды.
Президенттер Бұхарадағы ахуалдық орталыққа барды
Бейресми кездесуден соң Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттерінің басшылары Бұхарадағы Ахуалдық орталыққа барды. Онда тәулік бойы өңірдегі ахуалға, соның ішінде инфрақұрылым жағдайына, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, көлік жүйесіне, қауіпсіздік қызметіне және табиғи процестерге бақылау жүргізіледі. Ахуалдық орталық төтенше оқиғалар кезінде шұғыл қызметтердің іс-қимылын үйлестіріп, ықтимал сын-қатерлерге тосқауыл қою үшін жағдайдың өрбуін модельдеуді жүзеге асырады.
Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірқатар тарихи құжатты тапсырды
Бұхарадағы бейресми кездесу барысында Өзбекстан Президенті Мемлекет басшысына архив материалдарын табыстады. Атап айтқанда, Қазақстан тарапына Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи және Рабия Сұлтан Бегім кесенелеріне қатысты 1920–1950 жылдары Өзбекстанда табылған құнды құжаттар, сызбалар және фотосуреттер берілді. Бұл құжаттардың көбі бүгінге дейін ғылыми айналымға түспеген және тарихи-мәдени құндылығы зор. Екі ел басшылары Бұхарада жасанды интеллект бойынша өтіп жатқан жалпыұлттық хакатонды тамашалады.
Екі елдің тілі де, ділі де, мәдениеті мен әдет-ғұрыптары да ұқсас. Бүгінде Қазақстанда 500 мың өзбек ағайын, ал Өзбекстанда 800 мыңдай қандас тұрып жатыр. Яғни, арадағы байланыс мығым. Президенттің сапарынан кейін сан саладағы әріптестік пен серіктестік қазіргіден де күшейе түсетіні сөзсіз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы