ДДСҰ эболаның өршуіне байланысты төтенше жағдай жариялады
Конго Демократиялық Республикасы мен Угандада эболаның өршуіне байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялады. Бұған індет бақылаудан шығып кету қаупі себеп. Эболаның аталған мемлекеттермен құрлықта шектесетін елдерге тарау мүмкіндігі жоғары.
Қытайдың оңтүстігінде қуаты 5,2 балдық зілзала болды
Қытайдың Лючжоу қаласында қуаты 5,2 балдық жер сілкінісінен 2 адам қаза тапты. Бірнеше адам жараланған. 7 мыңнан аса адам қауіпсіз жерге көшірілді. 8 шақырым тереңдікте анықталған зілзаладан 13 ғимарат құлаған. Дүмпу болған аймаққа шұғыл түрде 300-ден астам құтқарушы, техника жіберілді.
Әлем нарығында мұнай бағасы 110 доллардан асты
Бүгін таңертең әлем биржаларында мұнай бағасы тағы қымбаттады. Brent маркасы баррелінің құны 111 долларға жуықтаған. Бұған Біріккен Араб Әмірліктерінде ядролық станцияның шабуылға ұшырауы, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысты тоқтату мәселесінде тығырыққа тірелуі себеп. Сонымен қатар президент Дональд Трамптың Ислам Республикасына тағы да шабуыл ойластырып жатқаны туралы мәлімет те түрткі болып отыр.
Непалдық альпинист Эверест шыңын 32-рет бағындырды
Непалдық альпинист Ками Рита әлемнің ең биік шыңын 32-ші мәрте бағындырды. 56 жастағы шерпа 8849 метр биіктікке өрмелеп, өзінің бұған дейінгі рекордын бұзған. Ол мұнымен тоқтамай, Эверестті әлі де бағындыратынын айтады. Ками Ритамен бірге 52 жастағы Лакхпа да рекорд орнатты. Ол Эверестке 11-мәрте көтеріліп, әйелдер арасында абсолютті чемпион мәртебесін бекітті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы