Басты Жаңалықтар Бейжіңде Си Цзиньпин мен Владимир Путин саммит өткізді

Бейжіңде Си Цзиньпин мен Владимир Путин саммит өткізді

Бейжіңде Қытай мен Ресей басшылары ондаған құжатқа қол қойды. Тараптар бірнеше салада ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласып отыр. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Бүгін Қытай Халықтық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Ресей президенті Владимир Путинге Бейжіңнің орталығындағы Халықтық жиналыстардың Үлкен залы алдында қошемет білдірді. Оларға құрмет ретінде Тяньаньмэнь алаңында 21 мәрте салют атылып, әскери оркестр екі елдің әнұранын орындады. Содан кейін екі басшы парадты тамашалап, келіссөздерді бастады. Саммиттің бірінші бөлімі аяқталғаннан кейін мемлекет жетекшілері серіктестікті одан әрі нығайту және Ресей-Қытай қарым-қатынастарын тереңдету туралы бірлескен мәлімдеме жасады.

Владимир Путин, Ресей президенті:

Біз екіжақты ынтымақтастығымызды дамытып, халықаралық алаңдарда белсенді түрде өзара әрекеттесіп, көпполярлы әлемге бағытында тұрақты даму үшін берік негіз қалап жатырмыз.

Си Цзиньпин, ҚХР төрағасы:

Қытай жоғары деңгейдегі ашықтықты табанды түрде кеңейтіп, Ресеймен және әлемнің басқа елдерімен даму мүмкіндіктерін бөлісіп, адамзат үшін бірлесіп жақсы болашақ құруды жалғастырады.

Ал екінші кең ауқымды отырыстан кейін Путин мен Си Цзиньпин тағы бір тұжырымдамалық құжатқа – көпполярлы әлемді және жаңа типтегі халықаралық қатынастарды дамыту туралы бірлескен декларацияға қол қойды. Кремльдің хабарлауынша, бұған қоса тараптар 40 келісім жасасқан. Солардың 20-на бөлек қол қойылмақ. Мақұлданған құжаттар қатарында энергетика жайлы мәміле де бар.

Айта кетсек, Путин Қытайға осымен 25-ші рет барып отыр. Оның сапары АҚШ президент Дональд Трамп Бейжіңнен Вашингтонға оралғаннан кейін бірнеше күннен кейін басталып отыр. Бірқатар сарапшылардың ойынша, Қытай үшін бұл кездесулердің жаһандық маңызы зор.

Керри Браун, Лондон корольдік колледжінің қытайтану профессоры:

Меніңше, дипломатиялық тұрғыдан бұның бәрі Қытай үшін жақсы. Ол өзіне басқа елдерден адамдар келіп, мәселелерді шешудің түрлі жолдарын қарастырады. Бұндай кездесулерден Қытай өзінің жаһандық ойыншы деген имиджін тіпті күшейтеді деп ойлаймын.

«Рейтердің» мәліметінше, Си Цзиньпин мен Путин жасанды интеллект, инновациялық технология саласында серіктестікті жеделдетуге, саудада юаньмен, рубльмен есептесуге, тәуелсіз сыртқы саясат жүргізуге, жаңаратын энергия саласында ортақ жобаларды жүзеге асыруға да уағдаласқан.


Бөлісу