Басты Жаңалықтар Әлем жаңалықтарына шолу

Әлем жаңалықтарына шолу

НАТО сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтіп жатыр

Швецияның Хельсинборг қаласында НАТО елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтіп жатыр. Жиынға 32 елдің бас дипломаттары барған. Олар әскери одақтың шілдеде Анкарада өтетін саммитіне әзірлік, Украинаға көмек және қорғанысқа инвестицияны арттыру мәселелерін талқылайды.

Қажылық қарсаңында Меккеде әскери парад өтті

Сауд Арабиясының үкіметі қажылыққа жиналған жергілікті тұрғындар мен шетелдіктерді қорғауға әзір екенін көрсету үшін Меккеде ауқымды әскери парад өткізді. Шара барысында алаңға жауынгерлер шығып, техниканың бірнеше түрі көрсетілді. Биыл Меккеге қажылықты өтеуге әлемнің түкпір-түкпірінен 2-3 миллион адам жиналуы мүмкін.

Су тасқынынан 25 адам қаза тапты

Қытайдың оңтүстігі мен орталығында су апатымен күрес жалғасып жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда, кемінде 25 адам қаза тауып, ондаған мың тұрғын эвакуацияланған. Бұл аймақтарда үздіксіз жаңбырдан жолдар бұзылып, үйлерді су басып, бірқатар елді мекен жарықсыз қалды. Мектептер мен кәсіпорындар жабылған.

Эйфель мұнарасы сатысының бір бөлігі 450 мың еуроға сатылды

Францияда әйгілі Эйфель мұнарасы сатысының бір бөлігі аукционда 450 мың еуроға сатылды. Небәрі 14 басқыштан тұратын темір фрагмент 40 жыл бойы жеке коллекцияда болған. 1889 жылы ашылған мұнарада сол кезде жалпы саны 1665 саты болған. Алайда кейін жеделсаты орнатылғанда баспалдақ 24 бөлікке кесілді. Бүгінде олардың кейбірі Жапония, АҚШ секілді елдерде сақтаулы.  


 


Бөлісу