Елдегі ең биік көпір ашылды
Шығыста бүгін бірнеше стратегиялық нысан пайдалануға берілді. Алтай, Катонқарғай,Үлкен-Нарын аудандары бағытындағы Тереңсай шатқалының екі жағын қосатын көпір ашылды. Бұл Қазақстанда таулы жерге салынған ең биік көпір. Ал Өскемен қаласында көпсалалы гемотологиялық орталық та іске қосылды. Жалпыхалықтық құрылыстың бастамасы ретінде салынған нысандардың ашылу салтанатына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев пен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Бекарыс Секен, тілші:
Елдегі ең биік көпір ашылды. Иә, шығыста бас-аяғы 10 жылға созылған бұл нысан бүгін пайдалануға берілді. Алтайдың алып тауларын байланыстыратын өткелдің биіктігі 45 метр, ал ұзындығы 175 метр құрайды. Енді Катонқарағайға, Рахман қайнарына баратын жандар серпантин арқылы сергелдеңге түспей, осы көпір ақылы өтеді.Бұл өңірдегі туризмнің дамуына ықпалын тигізеді.
Ирелеңі көп ирек жолда қысы-жазы көшкін қауіп төндіретін. Әсіресе күн райы күрт бұзылғанда қозғалыс шектеліп жол мүлде жабылатын. Енді бұл мәселе өзі шешімін тапты.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Шығыс Қазақстан облысында 500 шақырым үстінде жолдар қайта жаңғыртудан, орташа және күрделі жөндеуден өтуде. Бұған 53 миллиард теңге үстінде қаражат бөлінді. Соның нәтижесінде шығыстағы жолдың жақсы жағдайдағы үлесі 95 пайыздан асты.
Соңғы жылдары шығыста жалпы инфрақұрылымды жаңғырту қарқынды жүріп жатыр. 2024 жылы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін Орталық Азиядағы ең ұзын көпір пайдалануға берілді. Қазір облыс орталығында тағы бір көпірдің құрылысы жүруде. Бұл нысанды да шығыстың өз құрылысшылары салмақ.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
28 шақырымдық жол 6 шақырымға қысқарып жатыр. Ең бастысы қауіпсіздік шаралары сақталатын жол ел игілігіне беріліп отыр. Шығысқазақстандықтар атынан Мемлекет басшысына ерекше алғысымызды жеткіземіз.
Гематология орталығы ашылды
Өскеменде заманауи гематологиялық орталық ашылды. Мұнда қан ауруларын ерте анықтап, күрделі ота жасауға, тіпті сүйек кемігін трансплантациялауға мүмкіндік бар. Медициналық кешен Шығыс Қазақстанмен қатар Абай және Павлодар облыстарының тұрғындарына да медициналық қызмет көрсетеді.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Бұл орталық республикада теңдессіз жоқ орталық деп айта аламын. Себебі бүкіл қан ауруларына байланысты диагностикалық тәсілдердің ең қиын жағдайлары, ең күрделі зерттеулерді бір жерден өткізуге бар мүмкіндік бар.
Бұл маңызды инфрақұрылымдық жобалар шалғай елді мекендерге қатынауды жеңілдетіп, мыңдаған тұрғынға жоғары сапада медициналық көмек береді. Айта кетейік, гематологиялық орталық Мемлекет басшысының заңсыз иемденілген активтерді елге қайтару жөніндегі тапсырмасы аясында салынды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы