Мемлекет басшысы келесі жылы «Балқаш» АЭС-інің құрылысын бастауды тапсырды
Экономиканы ілгерілету тек қаржы саясатына қатысты емес. Қазіргі жағдайда оның өзегі энергетикаға тікелей байланған. Жарық жалп етсе, жүздеген кәсіпорынның жұмысы кілт тоқтайды. Ал жан-жақты алыс-беріс артқан шақта өндіріске тұсау болмауы керек. Оның үстіне, цифрлық технологиялардың дамуы қуат көзіне тәуелділікті күшейтті. Бірақ біздің бұл саладағы саясат әлі де түсініксіз. Мысалы, қыс мезгілінде электр энергиясын көрші елдерден қымбат бағаға сатып аламыз, ал жазда қайтадан арзанға пұлдаймыз. Қазір Қазақстан жылына 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіреді. Бірақ мұның өзі жетпейді. Сондықтан Мемлекет басшысы ендігі жылы «Балқаш» АЭС-інің құрылысын бастауды тапсырды. Сонымен қатар «Мойынқұм» АЭС-і бойынша ынтымақтастық туралы келісімге тезірек қол қою қажеттігін айтты. Дегенмен мұндай ірі жобаларды іске асыруда ел мүддесі бірінші орында тұруы тиіс. Президент келіссөздердің әрбір тармағын Қазақстанның ұлттық мүддесіне сай мұқият пысықтап, жан-жақты саралауды жүктеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы