Даңқы асқан Астана. Деректі фильм
Деректі фильм Астананың қалыптасу тарихын, оның негізіне алынған сәулеттік идеяларды және сол идеялардың бүгінгі қала келбетінен қалай көрініс тапқанын баяндайды. 90-жылдардың күрделі кезеңінде жаңа астана салу туралы шешім қабылданып, Сарыарқаның төрінде болашаққа бағытталған ірі жоба жүзеге аса бастады. Әлемдік сәулет тәжірибесі мен ұлттық ерекшелікті ұштастыруға бағытталған бұл бастама қаланың өзіндік келбетін қалыптастырды.
Фильмде Астананың бас жоспары, сәулетшілердің идеялары, табиғи ортаға бейімделу, жасыл белдеудің қалыптасуы және қаланың урбанистикалық даму кезеңдері қамтылады. Жобаны жүзеге асыруға атсалысқан сәулетшілердің естеліктері арқылы елорданың алғашқы тұжырымдамасы мен құрылыс барысы көрсетіледі. Сонымен қатар, қоғамдық кеңістіктердің, инфрақұрылымның және заманауи сәулет нысандарының қала өміріндегі орнына назар аударылады.
Фильмнің негізгі өзегі – Астананың бастапқы сәулеттік идеялары мен бүгінгі тыныс-тіршілігінің сабақтастығын көрсету. Бір кездері болашаққа арналған жоба ретінде басталған қала бүгінде миллионнан астам адамның өмір сүретін ортасына айналды. Оның дамуы – сәулеттік шешімдердің ғана емес, жаңа қалалық мәдениеттің және елордамен бірге өсіп келе жатқан ұрпақтың қалыптасу тарихы.