Сарыағаш тұрғындары жекеменшік аурухананың құрылысына қарсы
Түркістан облысы Сарыағаш қаласының тұрғындары жекеменшік аурухана құрылысына қарсы. Айтуларынша, мекемеден шыққан қалдық су мен күл-қоқыс төңіректі ластап жатыр. Клиниканың шайынды су құятын шұңқырлары жол бойында ашық-шашық тұрған көрінеді. 7 жылдан бері тоқтаусыз жүргізіліп жатқан құрылыстан қажыған тұрғындар базынасын билікке жеткізу үшін жолды жауып, ауруханаға келген көліктерді өткізбей қойды.
Сарыағаш қаласындағы Асқар Сүлейменов көшесінің тұрғындары бүгін аптап ыстыққа қарамастан жаппай жолға шықты. Бәрінің талабы бір-тұрғын үйдің алдына салынған жекеменшік аурухананың қосымша нысанының құрылысын тоқтату. Айтуларынша, тұрғын үйлерге тақап салынған аурухананың қалдық суы көшеге ағып, қоқыстары аулаға тасталып жатыр. Оның үстіне кәріз суы шұңқырына балалар түсіп кете ме деп алаңдайды.
Севиль Аппазова, Сарыағаш қаласының тұрғыны:Тоқтаусыз құрылыс жүргізе бергеннен үйімнің қабырғалары жарылып кетті. Қасынан щайынды сулардың шұңқырын қазып қойды, иісінен демала алмаймыз. Оны күндізгі сағат үште, бесте сорғызып алады. Сасық иістен көшеге шыға алмай қаламыз. Үйімізге қараған беттегі терезелерден түкіреді, қоқыс тастайды. Қашанғы шыдаймыз мұндай қорлыққа.
Емханаға келуші көліктерден де тыным болмайтын көрінеді.
Айгүл Әділбекова, Сарыағаш қаласының тұрғыны:Көшенің басынан азанда 20-30 машина тұрады. Былай айтқанда біздің көшеміздің берекесі кетті. Өз көшемізге өзіміз кіре алмай жатырмыз. Шаң, тозаң топырақтан енді айтатын сөз жоқ. Алпыс градус ыстықта амалдадық. Келіп, айтып, ұрысп кетеміз. Бұлар ия, ия деп өздерінің жұмыстарын жалғастырып жатыр. Біздің талабымыз медициналық центрін ашық, кең жерге салсын.
Жергілікті жұрт қалалық әкімдік пен қоса бірнеше мекемелерге арызданғанымен нәтиже жоқ. Әбден төзімі таусылған тұрғындар клиникаға келген көліктерді шетінен қуып, артынша жолды жауып тастаған.
Бұл мәселеге орай жекеменшік клиника қожайынының өз уәжі бар. Айтуынша,құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат қағаздары түгел. Ал ауруханадан шыққан қоқысты сыртқа төкпей, арнайы көлікпен Шымкентке тасымалдайды. Қалада кәріз құбыры тартылмаған соң арнайы шұңқырға жинаймыз деп отыр.
Жарылқасын Мелдешов, кәсіпкер:Осыны жазып, ұйымдастырып жүрген мынау менің көршім үйін сатпақшы. Екі жылдан бері келіп, менің клиникама жазып қойған обьявление. 45 млн теңгеге алыңыз дейді үйімді. 45 млн теңгенің үйі Сарыағаш қаласында жоқ. Ол 1961 жылы салынған үй, оны қалай аламын мен.
Әкімдіктегілер болса тұрғындардың арыз-шағымына сәйкес жұмыс тобы құрылып, тексеру шараларының жүргізілгенін айтады.
Самат Шахибаев, Сарығаш қаласы әкімдігінің бас маманы, заңгері:Қазіргі таңда осы кәріз құрылысын өз есебінен бұздыру бойынша тиісті сотқа талап арыз берілді. Соттың шешімі шыққан жағдайда біз оны бұздыру жұмыстарын жүргізетін боламыз.
Алайда сарыағаштық тұрғындар шенеуніктің бұл жауабына қанағаттанбады. Енді облыс басшылығы мен құрылыс сәулет басқармасына шағым түсіруге бекініп отыр.
Айнұр Ақбаева
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы