Басты Жаңалықтар Жетісай қаласында су жүйесі ескіріп, құбырлар тозған

Жетісай қаласында су жүйесі ескіріп, құбырлар тозған

Түркістан облысы Жетісай қаласының тұрғындары жарты ғасырдан астам уақыттан бері ауыз судың азабын тартып келеді. Елу мыңнан аса халқы бар шаһарда су жүйесі тартылғанымен, әбден тозған. Шіліңгір шілдеде су көлемі азайып, жұртқа жетпей жатады. Ал көпқабатты үйлерге кейде мүлде су берілмей қалады. 

Жетісай қаласының су жүйелері өткен ғасырдың 60-жылдары 20 мыңдай тұтынушыға есептеліп салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Салдарынан құбырлар тесіліп, су көлемі азайып кеткен. Қазір халық саны екі жарым есеге көбеюіне байланысты су сорғы насостарының жұмысы істен шыға бастаған. Мәселен, жер астынан 3 мың текше метрдей су жиналса, оның тек жартысы ғана тұтынушыға таратылады.
Берік Мәмбетов, Жетісай аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:
Мысалы, көпқабатты тұрғын үйлерімізге қазіргі жағдайымен су жеткізіп беру мүмкіндігі болмайды. Ек қабатты үйлерімізге су жеткізіп беру мүмкіндік жоқ. Себебі біздегі насостардың қысымы төмен. Биыл шілде айында жерасты суларының тартылуына байланысты жерасты суының дебиті жеткіліксіз болды.
Осы проблеманы ескерген жергілікті билік биылғы жылы ескі су жүйелері мен құбырларды жаңартуды қолға алды. Республикалық бюджеттен бөлінген 695 млн теңгеге 200 мыңға жуық шақырым ауызсу құбырлары тартылып, сыйымдылығы 2600 текше метр болатын 2 су торабы салынуда. Қосалқы станция мен 2 су көтергіш станциясы да іске қосылмақ. Өз кезегінде жылдар бойы тіршілік нәрінен тарыққан жұрт бұл жұмыстардың жүргізіліп жатқанына дән риза.
Сатылхан Өтеулиев, Жетісай қаласының тұрғыны:   
Отыз жылдан бері суды көршілерден тасып ішетін едік. Жаз - суды көп талап ететін кез,  қыста қиналсақ та, тасып ішетін едік. Енді қазір су тартып жатыр.
Ауқымды жобаны жүзеге асыруға бас-аяғы 3 млрд теңге жұмсалмақ. Қалған қаражат келер жылы бөлініп, 2023 жылы қала тұрғындары толықтай «Абай» топтасқан су жүйесімен қамтылады деп күтілуде. Аудан басшылары болса, қазір елдімекендердегі ауызсу проблемасы да кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын айтады.
Мұрат Қадырбек,  Жетісай ауданының әкімі:   
Биылғы жылы жергілікті бюджеттен біз 8 ауылдық округке су жүйелерін жөндеу үшін 200 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Жалпы, аудандағы 113 елдімекеннің бүгінде 103-і орталықтандырылған ауызсу құбырымен қамтылған. Санитарлық аймақтарында 80-нен астам ұңғыма істеп тұр. Өзгелерінде ескі су жүйелері жаңартылып, тозығы жеткендері толығымен ауыстырылуда.

Айнұр Ақбаева
Бөлісу