Ел дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегі еленді
Мемлекеттік маңызы бар кез келген мәселеде шешуді сөзді азаматтарымыз айтуға тиіс. Республика күніне орай өткен жиында Мемлекет басшысы осылай деді. Ал Конституцияға енгізілетін өзгертулер, реформалар көлемін ескерсек, мұның жаңа Конституция қабылдауға барабар іс екенін жеткізді. Бұл Парламентке ғана қатысты емес, Президент, Үкімет туралы бөлімдерді және саяси жүйенің басқа да қырларын қамтитынын баса айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуына үлес қосып жүрген бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Бүгін қысы-жазы алқапта тер төккен шаруа, күні-түні ауруханада ажалмен арпалысқан дәрігер, жол салып, үй тұрғызған құрылысшы, ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұстаздар жиналды. Әрқайсысының жүзінен ерекше толқыныс байқалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Еліміздің ең басты мерекесі – Республика күні құтты болсын! Ұлттық мейрам қарсаңында дәстүрге сай Ақорда төрінде мемлекетіміздің үздік азаматтарымен бірге жиналып отырмыз.
Біз өткеннен сабақ алып, ешкімге жалтақтамай, өз жолымызбен жүріп келеміз. Осылай деген Президент соңғы жылдары ауқымды реформалар қолға алынғанын еске салды. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңымызға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыреті кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Конституциялық сот құрылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
2019 жылдан бері экономикамыз 16 пайызға өсті, биыл осы көрсеткіш шамамен 137 триллион теңге, яғни 291 миллиард доллар болады деп күтілуде, бұдан да асуы мүмкін. Бұл Қазақстанның біздің аймақтағы ең үлкен экономика екенін көрсетеді. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 47 пайызға артып, 14 400 долларға жетті. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштің бірі.
Мемлекет басшысы Қазақстан Еуразияның басты логистикалық хабына айналуы керек, оған әлеуетіміз жетеді деді. Өткен айда «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды, 3 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделді. Қытай арқылы ауқымды жүк тасымалдау мүмкіндігіне ие болдық. Әуе қатынасы саласындағы табыстарымыз да аз емес. Биыл 36 жаңа әуе рейсі ашылды, олардың ішінде Азия мен Еуропаның ірі қалалары бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Елімізде өндіріс те дамып келеді. Бұл саланың өсімі жыл басынан бері 7,5 пайызға жетті. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады. Кәсіпкерлер еліміздегі еңбекке қабілетті азаматтардың жартысына жуығын жұмыспен қамтып отыр.
Президент соңғы кезде жаңа Салық кодексіне қатысты көптеген өтініш келіп түскенін айтты. Премьер-министрге нақты тапсырма берді. Үкімет арнайы салық режимі бойынша жұмыс істейтін кәсіптердің тізімін бұрынғы қалпында қалдырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бизнес салық реформасынан зардап шекпеуге тиіс. Ондай жағдайдың алдын алу үшін Үкімет кәсіпкерлермен сындарлы диалог жүргізуі қажет. Дегенмен экономикалық реформаларды мүлде тоқтатуға болмайды, қаншалықты қиын болса да, оң өзгерістерді міндетті түрде жүзеге асыруымыз керек. Әйтпесе бәріміз жаппай құлдырауға ұшырауымыз әбден мүмкін.
Президент адал кәсіпкерлерді отаншылдығын нақты іспен көрсетіп жүрген азаматтар деп атады. Солардың бірі - Самғау Нәсіпхан. 15 жылдан бері етік тігетін азамат мыңнан аса адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Самғау 3 жылдан бері Президентке де етік тігеді.
Самғау Нәсіпхан:
Мемлекет басшысының 2022 жылдан бастап қазіргі күнге дейін күнделікті киетін аяқ киімдерін біз жасап келе жатқанымыз бізді шебер ретінде қуантады және Ақорданың төріне келіп, еңбегіміз бағаланып жатқаны елдегі шеберлерге және қолөнердегі азаматтарға үлкен мотивация деп білеміз. Алғаш кәсібімді насихаттауға осы Ұлттық арнаның үлесі өте көп.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі де 2,5 пайызға өскен. Биыл қамбаға 20 млн тонна астық бастырылды. 1 млн тонна дәнді-бұршақ дақылдар жинап рекорд та орнаттық. Бұл - алқапта тынымсыз тер төгіп жүрген азаматтардың еңбегі. Мұрат Қаражұманов 45 жылдан бері комбайн айдайды. Бүгін Президент қолынан «Еңбек ері» атағын алды. Бүгінде Қожамжаровтар әулетінің 30-ға жуық өкілі осы салада еңбек етеді. Олардың еңбек өтілі 600 жылдан асады.
Мұрат Қаражұманов, «Қазақстанның Еңбек ері»:
Өзім ойлаған жоқпын бұл марапатты. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа көптен-көп рақмет. Бәлен жылға еңбегімізді бағалап, осындай жетістікке жетті деп, осындай марапатқа ие болып отырғаныма.
Ал Чернобай әулеті 1,5 ғасырдан бері көмір қазады. Еңбек ері атағы бүгін осы әулеттің мүшесі Сергей Чернобайға да табысталды. 40 жылдан бері шахтада жұмыс істейтін азаматтың ата-анасы, жұбайы, тіпті балалары да тағдырын осы саламен байланыстырған.
Сергей Чернобай, «Қазақстанның Еңбек ері»:
Бүгін мен еліміздегі ең жоғарғы марапатқа ие болдым. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Біз отбасымызбен өмір бойы шахтада еңбектеніп келеміз. Еңбегіміз еленгеніне қуаныштымын.
Өнер, спорт, құрылыс, денсаулық сақтау және цифрландыру салаларында да бағындырған белестеріміз бір төбе. Бірқатар азаматқа «Еңбек Даңқы», «Отан», «ІІ дәрежелі «Барыс» ордендері табысталды.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Осылайша Ұлттық мәртебеге ие ұлық мереке қарсаңында түрі сала өкілдері сый-құрметке бөленді. Әсіресе жұмысшы мамандардың еңбегі еленді. Атап айтсақ, республика бойынша құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және медицина сынды маңызды салаларда қажырлы еңбек етіп жүрген 1000-нан астам азаматқа түрлі мемлекеттік наградалар табысталды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы