Басты Жаңалықтар Министр: Мектептерде педагогикалық-психологиялық жұмыс жүргізілмейді

Министр: Мектептерде педагогикалық-психологиялық жұмыс жүргізілмейді

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары барысында өңір педагогтарын сынға алды. Биылғы оқу жылы басталысымен облыста оқушылар өліміне қатысты үш дерек тіркелді. Бір ай ішінде болған резонансты оқиғалардан кейін министрлік  жанынан зерделеу тобы құрылды.

Еліміздің бас мұғалімі комиссияның қорытындысын баяндап, мектептерде педагогикалық-психологиялық сүйемелдеу жұмысы жүргізілмейтінін атап өтті. Бұл бағыт білім ұяларының 47%-да ақсап тұр. Сондай-ақ тәуекел санатындағы балалармен мүлде жұмыс атқарылмай келген. Зерделеу тобы оқыс оқиға болған мектептерде анонимді анкета жүргізген. Қорытындысында оқушылардың 30%-дан астамы мәселесін кімге барып айтарын білмейтінін көрсеткен. Сондықтан ел бойынша құмар ойын, буллинг, отбасындағы жанжал әсерінен жасөспірімдер суициді 50%-ға артқан. Жұлдыз Сүлейменова аймақтың ағарту мамандарына жүйелі жұмыс алдымен қателікті мойындаудан басталатынын баса айтты.

Жұлдыз Сүлейменова, Оқу-ағарту министрі:

Мойындап, сосын сол қателіктен өзіміз бір шешім шығарып, соған жүрудің мәдениетін қалыптастыруымыз қажет. Бірнеше мектептерде, мысалы тәрбие жұмысы жөніндегі директор орынбасары ұзақ уақытқа дейін тағайындалмай келген. Педагогикалық-психологиялық бағыттағы сүйемелдеу ол формалды түрде. Тіпті жоспарларының өзін бір аудан екінші ауданнан көшіріп алған. Бірақ шынтуайтында жоспардағы нақты нәтиже сараланбаған секілді фактілер. Көбінесе Қордай ауданы, Байзақ ауданы.  


Бөлісу