Еуропа жұрты Димаш Құдайбергенді қарсы алуға қызу дайындалып жатыр
Еуропа жұрты Димаш Құдайбергенді қарсы алуға қызу дайындалып жатыр. 8 қараша мен 12-желтоқсан аралығында біздің Димаш Барселона, Лондон, Берлин мен Ригада жеке концерт береді. «Stranger» деп аталатын ән кешіне Димаштың Финляндиядағы жанкүйерлері де бармақ. Фан-клуб өкілдерімен Хельсинкиде тілшіміз Нұрсұлу Қасым тілдесті.
Финляндияда Димаштың 600-ден астам жанкүйері бар. Мынау сол фан-клубтың Хельсинкиде тұратын белсенділері. Айына бір мәрте бас қосып, кумирлерінің таспаға басылған концерттерін бірге тамашалайды. Әндерін қосыла шырқайды.
Бірде жылатып, бірде күлдіретін Димаштың әндері жан-жарасын емдейтін шипа деседі бәрі. Жасы да, жасамысы да оның қарапайымдылығына, өнеріне тәнті.
Пикси Лаппалайнен, Димаштың Финляндиядағы фан-клубының мүшесі:
Димаштың әнін алғаш естігенде денем түршігіп, талантына тамсанып, сөйлей алмай қалдым. Жұмыстың кесірінен оның бірінші ән кешінен қалып қойдым. Сосын жұмыстан кетуге арыз жазып, 63 жасымда ерте зейнетке шықтым. Содан бері мен оның әлемдегі 36 концертіне бардым. Димаш мен үшін бәрінен маңызды.
Вирпи Йоуттела, Димаштың Финляндиядағы фан-клубының мүшесі:
Димаш - перфекционист. Ол ән айтса да, музыкалық аспапта ойнаса да - бәрін кіршіксіз орындайды. Нағыз талант иесі. Оны рахаттанып тыңдаймын, әндерінен ерекше ләззат аламын. Димаштың арқасында Қазақстанмен, қазақтың ұлттық аспаптарымен таныстым. Қазір домбыра үйреніп жүрмін. Енді қобыз тартуды үйренгім келеді.
Қазақ әншісінің арқасында Финляндиядағы жанкүйерлер бір отбасыдай болып кеткен. Кездескен сайын сүйікті әншілері жайлы сағаттап сыр ақтарып, бір-біріне сыйлық жасауды дәстүрге айналдырған. Осы жолы шетелдік меймандарға Қазақстан Елшілігі атынан ұлттық кәдесыйлар тарту етілді. Қазақ халқы елі туралы тереңінен білгісі келетін фин жұртына Хельсинкиде тұратын қандастарымыз қол ұшын беруде.
Гауһар Әлімханова, Финляндиядағы «Сәуле» мәдени қоғамының төрайымы:
Мен де финдарға өзіміздің салт-дәстүрімізді түсіндіремін. Оюдың қандай екенін айтамын. Қазақша өлеңдер айтамыз. Оларға қазақ тілін үйретемін.
Фан-клуб мүшелері кумирлерімен еркін әңгімелесу үшін қазақ тілін жетік меңгерсек деген ниетте. Жалпы, Финляндиядағы жанкүйерлер Димаштың әлемдегі барлық концертіне қатысқан. Енді Барселона, Берлин, Лондон мен Ригада өтетін ән кешіне баруға сақадай сай. Сол кеште Димашқа Суоми табиғаты бейнеленген мына суретті сыйламақ. Қазақтың қара баласының өнеріне табынушылардың тағы бір арманы - Димаштың жеке концертін Хельсинкиде ұйымдастыру.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы