Басты Жаңалықтар Су үнемдеген 100-ге жуық шаруашылыққа 7 млрд теңге субсидия төленді

Су үнемдеген 100-ге жуық шаруашылыққа 7 млрд теңге субсидия төленді

Су үнемдеген шаруалардың шығынынын жабу үшін Үкімет субсидия төлейді. Ал Түркістан облысында соңғы үш жылда 114 мың гектар алқапқа жаңа технология енгізілді. Ағын судың 70 пайызын көрші елдерден алатын өңір үшін бұл әдіс тиімді болып тұр. Осылайша, жаңа жүені қолданып, су үнемдеген жүзге тарта шаруа қожалығына мемлекеттен 7 млрд теңгеден астам субсидия төленді. 

Отырар ауданындағы шаруашылықтың бірі биыл үш мың гектарға тамшылатып суару технологиясын енгізіп, мақта, пісте және жүгері екті. Суды көп қажет ететін күрішті де осы тамшылатып суару арқылы өсірді. Ал нәтижесі жаман емес дейді мамандар. Әсіресе күріш дақылы әлдеқайда көп өнім берген.

Бақтыбек Дадай, шаруа қожалығының маманы:

450 гектарын тамшылатып суарумен ектік. Енді екеуінің айырмашылығы әр гектарынан тамшылатып суарудан алғанымыз 4-5 тонна. Ал толық суарудан ол 3-4 тонна. Екеуінің 1 тонна-1,5 тоннадан айырмашылық бар.

Сондай-ақ шетелдік компания  алғаш рет 23 мың гектарға мақта еккен. Тың технологияны енгізгеннің арқасында суды екі есе үнемдеп, өнім көлемі еселенді. Әрі тыңайтқыштар да құбыр арқылы жіберіледі.

Батырбек Сыздық, Отырар аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Бізде тамшылатып суару болғанымен, бірақ мұндай көлемде болмаған. Шаруаларды осында әкеліп, семинар өткіздік. Компаниялар ленталарымен, трубаларымен жәрдемдесеміз деп отыр. Біз келесі жылы ұсақ шаруашылықтарды біріктіре отырып, 4 мың гектарға дейін осы тәсілді қосамыз деп отырмыз.

Өңірде қазір су үнемдейтін қондырғыларды шығаратын үш кәсіпорын бар, олар шаруашылықтарды қажетті техникамен қамтып отыр. Ауыл шаруашылығы саласында осы жаңа технологияны енгізген шарушылықтарға субсидия қарастырылған. Яғни мемлекет су үнемдеуге көшкен шаруалардың 80 пайыз шығынын төлейді.

Әлібек Плалов, Түркістан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Биыл жаңа технологияларды, су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, 50 мың гектар жерге мақта дақылдары егілді. Енді өз кезегінде мақта дақылының өнімділігін екі есеге арттыруға өз септігін тигізетініне көзіміз жетіп отыр. 32 мың гектарға мақта дақылы егілген. Бұл өз кезегінде 60 центнерге дейін өнім беру көзделуде.

Түркістан облысында 2030 жылға дейін су үнемдеу технологияларын 216 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. Ал ағымдағы жылы өңірде 54 мың гектарға тамшылатып суару, 4 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиялары енгізілді.

Бөлісу