Вице-министр: Дәрі-дәрмек қымбаттамайды
Дәрі-дәрмек қымбаттамайды. Тапшылық та, болмайды. Бүгін Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері осылай деді. Жиында келер жылдан бастап қандай препараттар қосылған құн салығынан босатылатыны да айтылды.
Көпшілік жиі тұтынатын дәрі-дәрмек қымбаттамайтын болды. Керісінше әлеуметтік маңызы бар препараттардың құны арзандап жатыр,-дейді құзырлы орган өкілдері. Олардың арасында парацетамолдан бастап жүрек-қан тамыр жүйесіне арналған, қан диабетіне, тыныс алу және аллергиялық ауруларға қарсы дәрілер, жұқпалы ауруларға қарсы антибиотиктерге дейін бар.
Бауыржан Жүсіпов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің комитет төрағасы:
Біз халық жиі қолданатын 50 шақты дәрі-дәрмектің бағасын мониторинг есебі бойынша, орташа есеппен 10-11 пайызға төмендегенін байқадық. Біз осы тенденция жалғасады деген үміттеміз.
Президенттің тапсырмасына сай Денсаулық сақтау министрлігі дәрі бағасын қалыптастыру жүйесін өзгертті. Енді генерик дәрілердің бағасы түпнұсқалардан 30% арзан болады. Бағаға әсер ететін маркетинг пен тасымал шығындары алынып тасталды. Десе де, 2026 жылдан бастап қосылған құн салығы салынатынын естен шығармаған жөн.
Дәрі-дәрмектің бірнеше түрі ҚҚС-тан босатылады
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Өндірушілер дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды дайындауға қажет шикізат пен субстанцияларды импорттайды. Сәйкесінше, елге кіргізу кезінде 16% көлемінде қосылған құн салығын өтеуге міндеттелуі мүмкін. Бұл бағаға қаншалықты әсер етеді?
Бауыржан Жүсіпов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің комитет төрағасы:
Тегін медициналық кепілдендірілген көлем және МӘМС шеңберінде қолданылатын дәрі-дәрмектер, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар және орфондық аурулар қажет дәрілер қосылған құн салығынан толығымен босатылады.
Премьер-министр: Отандық дәрі-дәрмек өндірісін ұлғайту керек
Қазір тиісті ведомство дәрінің 4900 түрінің бағасын реттеп отыр. Бірақ болашақта нарық қалай құбылары белгісіз. Сондықтан отандық дәрі-дәрмектің көлемін ұлғайту керек. Бүгінде қазақстандық фармацевтика өндірушілерін қолдау мақсатында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тіркеудің жеңілдетілген тетігі енгізілді. Нәтижесінде Қазақстанда жаңа препаратты тіркеу 2-5 жылдан 100 жұмыс күніне дейін қысқарды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Мемлекет басшысы өзімізде жасалатын дәрі-дәрмектің түрі мен санын көбейтуге қатысты маңызды міндет қойды. Біз сыртқы нарықтарға тәуелділікті азайту және дәрілік заттарды барынша қолжетімді ету үшін отандық фармацевтика өндірушілеріне қолдау көрсетіп келеміз. Сонымен қатар дәрілерді дер кезінде жеткізуге қатысты мәселелер бар. Логистика мен сатып алу созылып кету де саладағы жағдайға кері әсерін тигізеді. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты күшейту керек.
Әзірге қолдан келері бөлшек саудадағы дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу. Ол үшін салаға жасанды интеллект енгізіліп жатыр. Сондай-ақ «Naqty onim» мобильді қосымша іске қосылған. Оның көмегімен дәріханадағы дәрінің бағасын арнайы жүйе арқылы тексере аласыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы