Басты Жаңалықтар Отандық білім беру моделі жасанды интеллекттің көмегімен жаңғырмақ

Отандық білім беру моделі жасанды интеллекттің көмегімен жаңғырмақ

Қазақстан жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі білім беру моделін жасанды интеллектінің көмегімен өзгертпек. Бұл бастамаға ChatGPT жүйесін жасаған OpenAI компаниясы мен әлемге танымал білім платформасы Coursera қолдау көрсетеді. АҚШ астанасы Вашингтонда Ғылым және жоғары білім министрлігі білім саласындағы осы алпауыттармен арнайы келісім жасасты.
Әлемде жасанды интеллектті білім саласына кеңінен енгізуге қатысты пікірталас қызу жүріп жатқан тұста, Қазақстан бұл технологияның игілігін бүгіннен бастап пайдалану қажет деген елдердің қатарына қосылды. OpenAI компаниясымен жасалған келісім – соның бір айғағы. Ынтымақтастық негізінде елдегі университеттер мен колледждерде ChatGPT Edu атты интелектуалды білім платформасы сынақ ретінде іске қосылады. Бұл жүйені ұстаздар да, студенттер де оқу, ғылыми ізденіс пен күнделікті жұмыс барысында қолдана алады. Тіпті, мұғалімдерге жеке чат-джипити қосымшасын ашуға мүмкіндік берілмек.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Open AI компаниясымен білім берудің жаңа моделін пысықтауға біз бет бұрдық. Бұл бірнеше елде басталып жатыр. Эстония, Қазақстанда, БАӘ, Қатайда және АҚШ-та. Сондықтан да бірнеше елдің ішінде Қазақстаны таңдағанғы біз үшін абырой.
Әлемге әйгілі білім платформасы Coursera-мен де ынтымақтық арта түседі. Екі жақты келісім тағы үш жылға ұзартылып, компанияның жасанды интеллект саласындағы жаңа құралдары отандық білім жүйесіне енгізіледі. Енді біздің мұғалімдер өзің оқу курстарын жасанды интеллект көмегімен тез әрі сапалы дайындай алады.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Осыған ұқсас курсты оқытқан бүкіл платформадағы профессорлар қандай кейстерді пайдаланды, қандай мысалдарды келтірді, бірден сізге жасанды интеллект жинақтап береді. Яғни енді оқытушыларға мықты интерактивті курстарды осындай жаңа құралдармен жасауға мүмкіндік береміз. Бұл білім сапасын арттыру мен күнделекті іс-қимылдарын автоматтандыруға мүмкіндік береміз.

Вашингтонда қол қойылған тағы бір маңызды құжат – Perplexity AI компаниясымен жасалған келісім. Енді қазақстандықтар Perplexity Pro қызметін бір жыл бойы тегін пайдаланып, заманауи іздеу мен зерттеу құралдарына еркін қол жеткізе алады. Осылайша, әлемдік білім және технология көшбасшыларымен серіктестік Қазақстанның білім жүйесін жаһандық деңгейге жақындатып, бәсекеге қабілеттілігін күшейте түспек.

Бөлісу