Жыл соңына дейін «Келешек мектептері» аясында 8 білім ошағы ашылады
Алматыда «Келешек мектептері» жобасы аясында жыл соңына дейін 8 нысанның құрылысы аяқталады. Оқу ордаларында 10 мыңнан астам шәкірт білім алады. Заманауи ғимаратта оқушы үшін қандай жағдай жасалған? «Келешек» мектептерінің артықшылығы неде?
Роботтарды басқарып, дрон ұшыру, түрлі үйірмемен шұғылдану. «Келешек мектептері» оқушыларының күн тәртібі осы. Шәкірттердің сапалы білім алуы үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Сондықтан әр ата-ана баласын осындай білім ошақтарында оқытуға асық.
Баймұхан Закиров, қала тұрғыны:
Немерем домбыраға қызығады. Осы жерде үйрететін ағайлары, сыныптастары бар. Барлық жағдай қамтамасыз етілген. Сондай-ақ шахмат үйрететін қосымша сабағы бар. Немерем қуанып келіп, қуанып кетеді. Келген кезде барлығын айтып береді.
«Келешек мектептері» қаладағы білім беру нысандарының тапшылығын азайтуға бағытталған. Мәселен, Наурызбай ауданында мектеп мәселесі өзекті болатын. Қазір 2500 орындық жаңа мектеп салынып, мәселе шешілді. Жаңа нысанның техникалық жабдықталуы жоғары деңгейде. Қауіпсіздік талаптары да қатаң сақталады.
Арнагүл Маликова, №221 жалпы білім беретін мектеп директоры:
Камералар барлық жерге орнатылған. 237 камераның 59-ы сыртта, қалғандары ішкі. Яғни, қараусыз қалған бос орын жоқ. Балалардың қолында карталары бар, сол картамен кіреді. Ал ерекше білім беру балаларына сенсорлық кабинеттер, балаларды жұмыс істеуге ресурстық кабинеттер арнайы жасалынған.
Бүгінде Алматыда 13 «Келешек» мектебі ашылды. Мұнда 23 мыңнан астам бала білім алады. «Келер жылға дейін тағы 8 мектептің құрылысы аяқталады», - дейді мамандар.
Қарлығаш Ақмұрзаева, Алатау аудандық білім бөлімінің басшысы:
34 мыңнан астам орын тапшылығы 27 мыңға түсті. Алдағы 8 мектептің ашылуы біраз орын тапшылығын жояды деген ойдамыз.
Айта кетейін, ұлттық жоба аясында 217 мектеп
салу жоспарланған. Онда 460 мыңнан астам оқушы білім алады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы