Басты Жаңалықтар ЕуроОдақ «Транскаспий» халықаралық дәлізін дамытуға ниетті

ЕуроОдақ «Транскаспий» халықаралық дәлізін дамытуға ниетті

Еуропалық Одақ Қазақстанмен транзит және көлік қатынасын нығайтып, «Транскаспий» халықаралық көлік маршрутын дамытуға ниетті. Еуропарламентте өткен дөңгелек үстелде қос тарап өкілдері «Қазақстан мен ЕуроОдақ арасындағы өзара байланысты нығайту, Орта дәліздің стратегиялық әлеуетін талқылады. Басқосуға Қазақстан Мәжілісінің және Еуропарламент депутататтары, қос елдің мемлекеттік құрылымдарының өкілдері мен сарапшылары қатысты.

Транскаспий халықаралық көлік бағыты Еуразия көлік жүйесінің стратегиялық бөлігіне айналды. Соңғы бес жылда Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі алты есеге артқан. Депутаттардың пайымынша, «Бұл – мүмкіндіктер дәлізі, тұрақтылық көпірі және стратегиялық автономия мен ортақ өркендеудің символы».

Айгүл Құспан, Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы:

Орта дәліз тек қана техникалық, логистикалық, транспорттық дәліз емес, ол біздің Еуразия континентінде бейбітшілік пен тұрақтылықты, дамуды ілгерілету, қорғау үшін Орта дәліз өте маңызды. Бейбітшілікті орнату үшін, әсіресе Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ аймағы үшін өте маңызды.

Ильхан Кючук, Еуропаламент депутаты, құқықтық мәселелер комитетінің төрағасы:

Орта дәліз пайдасы зор, мүмкіндіктер дәлізі. Дегенмен біз қаржылық ресурстардың қолжетімді болуын қамтамасыз етіп, процесті тиімді ету үшін болжамдылықты арттырып, әкімшілік кедергілерді, бюрократияны азайтуымыз керек.

«Қазақстан теңізге шығатын жолы жоқ мемлекет болғанмен, құрлық арасын осы Орта дәліз арқылы жалғап, Транскаспийді дамытуда көшбасшылық танытты», - дейді Еуропарламент депутаттары. Қазақстанның көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, Каспий теңізіндегі екі портты дамытуға ауқымды инвестиция салғанын еуропалық сарапшылар да жоғары бағалап отыр.

Альберто Тюркстра, «Дипломатиялық әлем» басылымының жоба жетекшісі, Орталық Азия елдері бойынша тәуелсіз сарапшы:

Орта дәлізді дамытудағы Қазақстанның рөлі өте маңызды. Брюссель де бұл дәлізді дамытуға ең жоғары саяси деңгейде міндеттеме алды. Өткен жылы да, биыл да қаржылық уәделер берілді. Енді Еуропалық одақ өзіне алған міндеттемелерді жылдамырақ жүзеге асырса, сонда екі тараптың жұмысы үйлесімді, тиімді ілгерілейтін еді.

Қазақстандық делегация өкілдері ЕуроОдақ пен өңірлік серіктестерді Орта дәліз бойындағы әуе хабтарының, теміржол станциялары мен теңіз порттарының инфрақұрылымын жаңғыртуға белсенді қатысуға шақырды. Басқосуға жиналғандар Қазақстанның белсенді ұстанымы мен халықаралық ынтымақтастықтың кеңеюі – Транскаспий арқылы тауар жеткізудің тұрақтылығын және экономикалық өсімді қамтамасыз ететініне сенімді.


Бөлісу