Атырауда газ сепарациялық кешеннің құрылысы басталды
Атырау облысында жылына 9,1 млрд текше метр газ өңдейтін ауқымды газ сепарациялық кешенінің құрылысы басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің батысында мұнай-газ-химия өнеркәсібі кластерін дамыту жөнінде тапсырма берген еді. Осы орайда жобаны «ҚазМұнайГаз» ҰК еншілес кәсіпорны – «KMG Petrochem» ЖШС жүзеге асырып жатыр.
Жаңа кешен – еліміздегі өңдеу өнеркәсібіндегі ең ауқымды жобалардың бірі болмақ. Ең бірінші бұл нысан полиэтилен өндіретін «Силлено» ЖШС зауытын жылына 1,6 млн тоннаға дейін этанмен қамтамасыз етпек. Бұдан бөлек 360 мың тоннаға дейін пропан өндіреді. Кешен 2028 жылдың соңына қарай іске қосылады, ал 2029 жылдан бастап өнім өндіре бастайды.
Диаз Диянов «KMG Petrochem» ЖШС басқарма төрағасы:
Бұл фракциялар «Теңізшевройл» ЖШС жеткізетін құрғақ тазартылған газдан бөлініп алынады. Одан бөлек жуырда этан мен пропанды Полиэтилен және полипропилен өндіретін зауытқа қарай жеткізетін құбыр магистралінің құрылысын бастаймыз. Бірінші кезекте жұмысқа жергілікті мамандарды тартамыз.
Зауыттың алғашқы қадасы қағылған сәтке Атыраудағы жоғары оқу орындарының студенттері де куә болды. Мұндағы мақсат – кәсіпорынға керекті маманды қазірден бастап даярлау. Құрылыс кезінде жұмысшы саны 3 500-ге дейін көбеймек. Зауыт іске қосылғасын 400-дей адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Марат Мурзиев, Атырау облысы әкімінің орынбасары:
Экономикамызға, ішкі нарыққа жаңа жақсы серпін беретін жоба деп есептейміз. Шикізатты терең өңдеу арқасында жаңа өндірістер, өнеркәсіптерді ашуға болады. Осы жобалардан мультиплекативтік әсер болады.
Бүгін сондай-ақ жоба аясында жергілікті қамтуды дамыту бойынша форум өтті. Оған 400-ден аса отандық өндірушілер мен тауар жеткізуші компаниялардың өкілдері қатысты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы