Басты Жаңалықтар Журналистикадан Премьер-министрге дейін: Н. Пашинян туралы не белгілі?

Журналистикадан Премьер-министрге дейін: Н. Пашинян туралы не белгілі?

Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинянның сапарына келейік. Астанаға бейсенбі кешке ұшып келген. Жұма таңертең әлеуметтік желіге өзінің әдеті бойынша видео салды. Бұл жолы Земфира емес. Қазақша өлеңмен өрнектепті.
Бұл Армения Премьер-министрінің Қазақстанға алғашқы ресми сапары. Оңтүстік Кавказдан ат терлетіп жеткен мәртебелі мейман өзімен үлкен делегация ерте келген. Келіссөздер барысында сауда-экономикадан бастап, цифрландыру мәселелеріне дейін талқыланды. Екі тарап тұңғыш рет білім беру саласында және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану туралы келісімге де келді. Жалпы 10-нан астам саланы қамтитын бірлескен құжат қабылданды. Ең бастысы - Қазақстан мен Армения арасындағы ынтымақтастықты стратегиялық серіктестік деңгейіне шығаратын тарихи құжат - Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Әзербайжанмен арадағы 30 жылдың үстіндегі қақтығыстың соңында Пашинянның өте күрделі және қиын шешім қабылдай алуы – болашақты ойлаған батыл шешім еді. Армения мен Әзербайжанның бітімге келіп, бейбіт өмір сүре бастауына тілектес ғана болып қоймай, дипломатиялық күш жұмсағандардың бірі – Астана. Оны Пашинян ылғи айтады. Осыған орай тағы Орта дәлізге – Транскаспий дәлізіне тағы тоқтала кетсек. Себебі қайталаудан жалықпаймыз, біз үшін өте-мөте маңызды. Өткенде Әзербайжан президенті И. Әлиев өздерінен өтетін бөлігінің құрылысы аяқталуға жақын екенін хабарлаған. Ташкент сапарында.
Никол Пашинянның өмірбаянына үңіле кетсек. Өте қызық тұлға. Ереван мемлекеттік университетінің филология факультеті журналистика бөліміне оқуға түсіп, оқу озаты болған. 4-курста университет басшылығын сынағаннан кейін оқудан шығарылған. Журналистикадан Премьер-министрлікке дейін. Никол Пашинянның өмір жолын осылай бір-ақ сөзбен суреттеуге болады. Дегенмен бізге әлеуметтік желіде белсенді, меломан, көпқырлы саясаткер ретінде танымал тұлғаның өміріне үңіліп көрсек. Никол Пашинян саясатқа дейін зерттеуші-журналист болғанын біреу білсе, біреу білмес. Ол Армениядағы жемқорлық пен биліктегі кландық жүйені ашық сынаған мақалаларымен танылды. 2008 жылы билікке қарсы митингілерге қатысып, жасырынуға мәжбүр болды, кейін өзі барып берілген. Бір жылға жуық түрмеде отырып шыққан соң қоғамдағы беделі бұрынғыдан да артты. 2018 жылы Пашинян елді шарпыған наразылықтарды басқарып, билікті бейбіт жолмен құлатты. Бұл оқиға «Барқыт революциясы» деп аталды. Көпшілік оны «халықтың арасынан шыққан премьер» деп қабылдады. Оның шешімдері кейде Армения ішінде де, сыртында да пікірталас туғызды. Таулы Қарабақ мәселесіне қатысты кейбір армяндар оны «территорияны жоғалтты» деп айыптады. Соңғы жылдары Пашинян Арменияның Ресейге бұрынғыдай тәуелді болмағанын қалайды. Батыспен, Еуроодақпен, Франциямен байланысын күшейтті. Енді, міне, Орталық Азиямен байланысты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерді.


Бөлісу