Түркістан облысында түз тағысы жайылымдағы малды қырып барады
Түркістан облысының Бәйдібек ауданында түз тағысы жайылымдағы малды қырып барады. Ит-құстан әсіресе Қаратаудың етегіндегі Майбұлақ, Жаңаталап және Ағыбет сияқты бірнеше ауыл тұрғындары әбден зәрезап болған. Өрістегі малға жыртықш үйірімен шабады, ал адамдар қас қарайғанда үйден шығуға үрейленіп қалған.
Қаратаудан келген қасқыр ауыл малдарын шетінен осылай тамақтап кеткен. Ұсақ малды айтпағанда сиыр мен жылқыны жайпап барады. Қыс түспей жатып ірі қараға ауыз салғаны шошытады дейді жұрт. Ауыл шетінен қора салып, жылқы бағып отырған Әтірхан Кемелбековтың оншақты малын бірақ жеген.
Әтірхан Кемелбеков, шаруа:
Бұрын қыстай қаңтар-ақпан айларында жейтін. Биыл ерте бастады. 2 айдың өзінде тоғызын жеді. Енді құлынның барлығын базаның ішінде ұстап отырмын. Кейбір кезде күндіз де жеп кетеді.
Ауылдың бақташысы да қасқырдың кесірінен қарызға баттым деп күйініп отыр. Себебі тауда жайылып жүрген жылқыға ит құс қырғидай тиіп, күн бермейтін көрінеді. Амал болмаған соң, қар түскенше жайылатын малды иелеріне таратып берген. Енді шығын болған малдың ақысын төлей алмай жүр.
Аян Мыңбай, малшы:
Биыл тамыз айынан бастап 12 бас жылқымызды жеп қойды. Ірісі бар, майдасы бар. Басында жатып атсақ та мылтыққа көнбейді. Жылдағыдан көбейген. Қазір қалған жылқыларымызды, құлындарымызды үйге бөліп қойғанбыз. Әлден шөп беріп жатырмыз.
Қылышбек Өсербаев, Жаңаталап ауылының тұрғыны:
Бір күні басқа ауылға тисе, бір күні Жаңаталапқа тиіп жатыр. Далада қалып кеткен тана торпақты қоймай жатыр. Көршілер танам жоқ дейді.
Жыртқыштарға жем болған жұрт онымен күресуге қауқарымыз жетпейді дейді. Себебі ауылдағы мылтықты жаппай жинап алған. Атуға рұқсат жоқ. Ал жекелеген аңшыларды жалдауға қаражат тапшы. Ол аздай енді шибөрілер қаптап, зиратты жағалайтын болған.
Әлмырза Еркебаев, Жаңаталап ауылының тұрғыны:
Қасқырды ұстап жатқан ешкім жоқ. Бұл әр туғанда оншақты туады. Сондықтан бізге көмек керек. Осы қасқырды аулайтын немесе басқа әдіс керек.
Ауыл әкімдігінің мамандары болса аңшыларды шақыртуға қаражат қарастырылмаған дейді. Дегенмен облыстық аңшылар қоғамына екі рет ресми хат жазған. Бірақ нәтижесіз. Ал аудан басшылары бұл мәселеден хабарсыз болып шықты. Мәселені енді қолға алмақ.
Бақыт Қырғызәлиев, Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары:
Біз бүгінгі таңға ақпаратты қазір толық талдап, Охотсоюз аңшылар мекемесіне хабарласып, тиісті аңшылар жіберсе біз оқ-дәрімен қамтамасыз етеміз. Осы он күннің көлемінде тиісті координаттар бойынша оның қасқыры бар, шиебөрісі бар соны ұстау, атқызы, аулау бойынша жұмыстар атқаратын боламыз.
Түз тағылары әзірге адамға шабуыл жасамағанымен шалғайдағы шаруалар үрей құшағында. Себебі ит құсты күндіз үйірімен көргендер бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы