Басты Жаңалықтар Биыл Stadler Kazakhstan зауыты жолаушылар вагонын қолданысқа бермек

Биыл Stadler Kazakhstan зауыты жолаушылар вагонын қолданысқа бермек

Биыл Stadler Kazakhstan зауыты жаңа үлгідегі жолаушылар вагонын қолданысқа шығарады. Алғашқылары «Астана-Алматы» бағытында қатынайды. Қазақстан-Швейцария іскерлік кеңесінің бесінші отырысында «Қазақстан темір жолы» мен жетекші кәсіпорын ынтымақты нығайтуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойды.

«Қазақстан темір жолы» мен «Штадлер Rail Group» компаниясы 2012 жылы іскерлік кеңес құрды. Сенімді серіктестік – соның нәтижесі. Келісімге сәйкес кәсіпорын Астанадағы зауытта 2030 жылға дейін 557 вагон шағырмақ. Соның алғашқысы биыл қолданысқа беріледі.

Дияр Нүсіпқожанов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы:

Биылғы жылға 51 вагон жылдың аяғына дейін жеткізуді күтіп отырмыз. Бағдарлама бойынша 2030 жылға дейін теміржол компаниясының бүкіл жолаушылар паркі 100 пайыз жаңартылады. Келісімшарттың жалпы сомасы 709 млрд теңгеге бекітілді.  

Іскерлік кеңес биыл бесінші рет өткізіліп отыр. Жиында тараптар машина жасау, логистика, өнеркәсіп салаларындағы екіжақты бірқатар келісімге қол қойды.  

Stadler Kazakhstan зауыты – Орталық Азиядағы темір жол саласын жаңғыртуға бағытталған ең ірі өндірістік жоба. Швейцария вице-президенті Ги Пармелан бастаған делегация кәсіпорында болып, жұмысымен танысты.

Филипп Бруннер, Stadler Rail Ag компаниясының Орталық Еуропа бөлімшесінің басшысы, атқарушы вице-президент:

Біз бүгін инвестиялық жобалар бойынша бірқатар маңызды құжатқа қол қойдық. Соның аясында теміржол саласындағы өндірістік жобаны кеңейтуге дайынбыз. Қазір біз «Қазақстан темір жолы» компаниясымен нәтижелі жұмыс жүргізудеміз. Инвестициялық жобаларымыз сәтті іске асып жатыр.

Кәсіпорындағы жаңа вагондар – жолаушылар үшін жайлы. Қауіпсіздік басты назарда. Келісімге сәйкес, Stadler Kazakhstan 20 жыл бойы жылжымалы құрамға сервистік қызмет көрсетеді.


Бөлісу