Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Еуропа арасында визалық режим жеңілдейді

Қазақстан мен Еуропа арасында визалық режим жеңілдейді

Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы визалық режим жеңілдейді. Сондай-ақ көлік-логистика, цифрландыру, энергетика, маңызды минералдар, ауыл шаруашылығы сынды салалар бойынша да серіктестік жандана түспек. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық Кеңес президенті Ақордада келіссөздер жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіздің сапарыңызға ерекше мән береміз. Бұл Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қос тараптың да дайын екенін көрсетеді. Біз өзара құрмет пен түсіністікке негізделген берік әрі мазмұнды серіктестікті қолдаймыз.

Мемлекет басшысы визалық режимді жеңілдетуге қатысты дайындық жұмыстары басталғанын құптады. Еуропалық Одақ соңғы 8 жылда ешқандай елмен барыс-келісті жеңілдету бойынша келіссөздер жүргізген жоқ. Бүгінде заңсыз миграциямен күресіп жатқан ЕуроОдақтың Қазақстанмен арадағы визалық режимді жұмсартуы үлкен қадам, дейді сарапшылар.

Айта кету керек, Еуропалық Одақ – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі әрі шетелдік инвесторы. Елімізге Еуропа елдерінен тартылған тікелей инвестицияның 40%-дан астамы аталған ұйымға тиесілі. Былтыр Қазақстан мен Еуропа Одағына мүше елдердің тауар айналымы 50 млрд долларға жуықтаған. Бүгінгі келіссөздер сан саладағы серіктестікке серпін бермек.

Антониу Кошта, Еуропалық Кеңестің президенті: 

Соңғы 10 жылда Еуропа Одағы Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіне айналды. Өз кезегінде Қазақстан Еуропаға мұнай мен уран жеткізуші елдердің үштігіне кіретін мемлекет ретінде экономикалық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарады. Бүгін біз қарым-қатынасымызды нығайтудың және экономикалық байланыстарды дамытудың жаңа кезеңіне қадам басамыз.

Кездесуде екіжақты қарым-қатынастың ауқымды мәселелері қарастырылып, көлік-логистика, цифрландыру, энергетика, маңызды минералдар, ауыл шаруашылығы секілді перспективті бағыттарға баса мән берілді. Сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы визалық режимді жеңілдету жұмыстары басталғаны айтылды.
Роман Василенко, ҚР Бельгия корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі:

 Еуропалық Одақ соңғы 8 жылда ешқандай елмен арадағы визалық режимді жеңілдету бойынша келіссөздер жүргізген жоқ. Қазіргі таңда заңсыз миграциямен күресіп жатқан Еуроодақтың Қазақстанмен арадағы визалық режимді жұмсартуы үлкен қадам. Олар бізді сенімді серіктес деп біледі және арадағы сан салаға серпін беруге әзір.
Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Антониу Коштамен алғашқы кездесуі емес. Бұған дейін де түрлі алаңдарда бірнеше рет жолыққан еді. Осы тұста мынадай мәліметті айта өту керек. Еуропа Одағы Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі әрі шетелдік инвесторы. Елімізге Еуропа елдерінен тартылған тікелей инвестицияның 40%-дан астамы аталған ұйымға тиесілі. Былтыр Қазақстан мен Еуропа Одағына мүше елдердің тауар айналымы 50 млрд долларға жуықтаған.
2005 жылдан бері елімізге келген инвестицияның жалпы көлемі 200 миллиард долларға жуықтады. Еуропа Одағының Орталық Азиямен сауда-саттығының 80 пайызы Қазақстанға тиесілі. Президент Қазақстанда энергетика, көлік, цифрландыру және өнеркәсіп салаларында қызмет ететін 4 мыңнан астам еуропалық компанияны жұмыс істейтінін айтты. Сонымен қатар Қазақстанның еуропалық бизнеске тұрақты әрі ашық инвестициялық климатты қамтамасыз етуге бейіл екенін растады. Осы байланыстар нығая берсін әрі Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына — тура 10 жыл толуына орай Президент Антониу Коштаны І дәрежелі «Достық» орденімен марапттады.
Бүгінде Қазақстанда Еуропа Одағы экономикасына қажетті 34 шикізаттың 19 түрі өндіріледі. Сондай-ақ Еуропа Одағы шетелден импорттайтын мұнайдың 13 пайызға жуығы біздің елімізге тиесілі. Ал Транскаспий дәлізінің Кәрі құрлық үшін маңызын айтпаса да түсінікті. Бірлескен мәлімдеме жасаған Қасым-Жомарт Тоқаев пен Антониу Кошта бүгін өте нәтижелі келіссөз жүргізілгеніне, кездесу емен-жарқын, достық рәуіште әрі конструктивті сипатта өткеніне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан мен Еуропа Одағын өзара сенім мен түсіністікке негізделген жан-жақты ынтымақтастық байланыстырады. Біз көптеген мәселені қарастырып, серіктестігімізді жаңа әрі сапалы деңгейге шығаруға ниетті екенімізді растадық.
Ал Антониу Кошта Еуропа Одағы мен Қазақстанның серіктестігі нақты нәтиже беріп отырғанына назар аударды.
Антониу Кошта, Еуропалық Кеңес президенті:
Осы аптада Брюссельде визалық режимді жеңілдету жөніндегі келіссөзді бастадық. Бұл уағдаластық Қазақстан мен Еуропа азаматтары үшін өте маңызды екенін жақсы түсінемін. Келісімге қол қойылғаннан кейін азаматтарымыздың барыс-келісі, алыс-берісі жиілеп, білім алып, жұмыс істеуіне оңтайлы жағдай туады.
Келіссөздер барысында Орталық Азия мен Еуропа Одағының алғашқы инновациялық кампусын Astana Hub аумағында орналастыру мүмкіндігін қарастыру туралы келісімге қол жеткізілді. Сарапшылардың пікірінше ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән берген жөн. Президент биыл өткен «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммитіне Қазақстан ЕО нарығына жалпы құны 2 миллиард доллардан асатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын екенін айтқан еді.

Бөлісу