Басты Жаңалықтар Сыртқы істер министрі Аустрия кәсіпкерлерімен кездесті

Сыртқы істер министрі Аустрия кәсіпкерлерімен кездесті

Аустрия кәсіпкерлері қазақ экономикасына қаржы құйып, ортақ жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Бұл туралы қалталылар Венада еліміздің Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевпен кездесу кезінде мәлімдеді. Басқосуға машина жасау, көлік, жасыл металлургия және жоғары технологиялар саласында жұмыс істейтін компания өкілдері қатысты.

Министр бизнесмендерге елдегі инвестициялық мүмкіндіктер жайлы баяндап, тәуелсіздік алғаннан бері ел экономикасына шетелден 470 млрд доллар инвестиция тартылғанын атап өтті. Отырыста тараптар ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі, машина жасау және IT қызметтері бойынша Қазақстанның экспорттық әлеуетін күшейту мәселесін талқылады. Сондай-ақ көлік жүйелерін жаңғырту, зияткерлік технологияларды енгізу бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайын пысықтады.

Андреас Лемп, «Primetals Technologies Austria» компаниясының аға вице-президенті:

Біз Қазақстанның сенімді серіктесі ретінде ұзақ жыл жұмыс істеп, елдеріңіздегі бірнеше кәсіпорынға өз жабдықтарымызды орнатқанбыз. Басқа да компаниялармен ынтымақты күшейтіп, оларды заманауи, озық өндірістік технологиямен қамтамасыз етуге ниеттіміз. Алдағы үш жылда қара металлургия саласында ресурстарды одан әрі дамытып, жоғары технологиялық өндірісті арттыру үшін ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылады.


Бөлісу