Басты Жаңалықтар Ақмол мен Соргун қаласы арасында ынтымақтастық артады

Ақмол мен Соргун қаласы арасында ынтымақтастық артады

Астана іргесіндегі Ақмол қалашығы мен Түркияның Йозгат провинциясына қарасты Соргун қалашығы бауырлас болуға ниет білдірді. Түркияға арнайы барған Ақмол қаласы әкімдігінің қызметкері мен Соргун қаласының мэрі тиісті меморандумға қол қойды.

Екі елдімекеннің мұндай келісімге келуі тегін емес. Астана маңындағы ежелгі Бозоқ қаласынан көшкен тайпалар Түркияның дәл осы Йозгат өңіріне барып қоныс тепкен. Тіпті 1927 жылға дейін бұл провинцияның аты Бозоқ болып аталған. Бір-бірімен осындай тарихи байланысы бар екі қала енді бауырлас болуға ниет білдірді. Тиісті құжатқа қол қойылып, оған ресми статус берілуі үшін екі елдің Сыртқы істер министрліктеріне жолданды.

Айгүл Сүйінжанова, Ақмол қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

Екі қаланың арасында достықты, ынтымақты нығайтып, мәдени-тарихи шараларды бірге өткізуді жоспарлап отырмыз. Жыл сайын Бозоқ қалашығында үлкен іс-шаралар ұйымдастырамыз. Сол шаралардың бірі ретінде түрік бауырластармен, Соргун әкімшілігімен шартқа отырдық.

Мұстафа Еркут Екинжи, Соргун қаласының мэрі:

Қазақстан мен Түркия арасындағы байланысты одан әрі тереңдету үшін осындай келісімге қол қойып жатырмыз. Біздің атажұртымыз — Орта Азия, Қазақстан екенін бұрыннан білетін едік. Алайда кейінгі зерттеулер біздің нақты ата-бабамыздың Астана маңындағы Бозоқ қалашығынан келгенін анықтады. Бұл біз үшін өте маңызды тарихи жаңалық болды.


Бөлісу