Түркияның Алания қаласында қазақ білім беру орталығы ашылды. Бұл жерде әзірге қазақ тілі курстары, тоғызқұмалақ және би үйірмесі жұмыс істейді. Алдағы уақытта мәдениет пен білім орталығында қазақтың салт-дәстүрлері мен домбыра үйрену курстарын ашу жоспарланып отыр.
Орталықтың ашылуына Қазақстанның Анталиядағы консулдығы, Алания қаласының әкімдігі және Қазақ тілі мен мәдениеті қоры мұрындық болған. Қазірдің өзінде осында тұратын жастар арасында қазақ тілін үйренгісі келетіндер көп. Ал тоғызқұмалақ үйірмесі аптасына екі рет өткізіледі. Орталықтағы барлық курс тегін болмақ. Түркияда тұратын отандастарымыздың ана тілі мен мәдениетін ұмытпауы үшін бұл орталықтың маңызы зор, дейді ұйымдастырушылар.
Шетелде ана тілін сақтау және оны жас ұрпаққа жеткізу өте маңызды. Бұл бастама болашақ ұрпақтың өз тілін, дәстүрі мен тарихын ұмытпай, құндылықтарды бойына сіңіріп өсуіне көмектеседі. Сондай-ақ қазақ және түрік халықтары арасындағы мәдени байланысты нығайтуда үлкен маңызға ие.
Фериза Әбдімұратова, Аланиядағы Қазақ тілі және мәдениеті орталығының басшысы:
Шетелдегі қазақ жастарымыз қазақ тілін, қазақтың мәдениетін, қазақтың тарихын тереңінен білсе деген ой болды. Алания қазақтары ұйымшыл. Әр мейрамда кездесіп, қазақша сөйлейміз. Қазақша салт-дәстүр ұстаймыз. Қызығушылық бар.