Түркия «Бозоқ» қалашығын зерттеуге ынталы
Астана іргесіндегі ежелгі Бозоқ қалашығынан көшкен тайпалар шамамен Х ғасырда бүгінгі Түркия аумағына барып орналасқан. Сол түркі тайпаларының атауына байланысты Селжұқ және Осман империялары тұсында бұл өңір Бозоқ деген атауға ие болды. Тек 1927 жылы ғана Ататүріктің шешімімен Йозгат деп атала бастады. Осы Йозгаттағы Бозок университеті мен Қазақстандағы «Бозоқ» тарихи музей қорығы халықаралық жиын өткізді.
Соргун қаласында өткен халықаралық жиында Бозоқ тайпаларының Түркия аумағына келу тарихы мен бұл жақтағы рулармен байланысы туралы тың мағұлматтар айтылды. Түркия мұрағаттарында «Бозоқ» туралы ең ескі мәліметтер 1153 жылы Селжұқ сұлтаны Санжарға қарсы көтерілген оғыз тайпаларына қатысты құжаттарда кездеседі.
Мехмет Кутлу, «Бозоқ» университеті өнер және тарих кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор:
Археолог, профессор Кемал Акишевтің Астана жанында орта ғасырлық Бозоқ қалашығын тапқаннан кейін біздің Түркиядағы ғалымдар да зерттеулер бастады. Өзім соңғы 1-2 жылдан бері Бозок тайпаларының Анатолиядағы Қазақстандағы Бозок тайпаларының байланысы қандай болды олардың этнографиялық, топонимдерінде басқа жақтардан ерекшеліктері бар ма баланыстары бар ма деген мәселені зерттеп жатырмыз.
Ғалымдар бауырлас елдердің тарихшылары бірлесе зерттеу жасауы, Анадолы жеріне көшкен аталарымыздың өмір салты мен саяси дамуына қатысты жаңа мәліметтерге жол ашады деген пікірде.
Бүркітбай Аяған, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
Көне Бозоқ пен осы жақтағы Бозоқ тайпаларының арасында менің ойымша тікелей байланыс бар. Себебі Оғыз тайпалары Қазіргі Қазақстан, Алтай, Сырдың бойынан көшті ғой. Осы жаққа кеткен тайпалар сол Бозоқты ұмытпай Бозоқ тайпалары екен аттары да. Бұл дәлелденген ғылыми талай рет зерттелген мәселе. Біздің халықтардың терең тарихы бар екенін дәлелдейді.
Сәуле Бөрібаева, «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры:
Біз Түркиядағы Бозоқ университетімен бұрыннан байланыстамыз. Бұл жақтағы ғалымдардың халықаралық тәжірибесі ортақ тарихымызды зерттеуде өте құнды. Түркиялық ғалымдар Бозоқ қана емес, Астана маңындағы Батығай, Құмай сияқты көне тарихи орындарды бірлесе зерттеуге де үлкен қызығушылық танытып отыр.
Түркия мен Қазақстан арасындағы тамыры терең тарихи байланыстың үзілмеуі үшін осындай ғылыми жиындардың маңызы зор дейді ұйымдастырушылар.
Мұстафа Еркут Екинжи, Соргун қаласының мэрі:
Біз Бозоқ тайпасынан шыққан адамдармыз. Сондықтан Бозоқ тайпаларын зерттеуге қатысты конференция біз үшін өте маңызды. Бауырлас екі ел арасында осындай терең тарихи байланысының болуы біздің қарым қатынасымызды одан әрі нығайта түседі.
Қазір Астана іргесіндегі Бұзықты көлінің маңайында көне Бозоқ қалашығының орнында аспан астындағы мұражай-қорықтың құрылысы жүріп жатыр. Ал Қазақстан мен Түркия бұл бағыттағы зерттеу жұмыстарын тереңдете бермек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы