Басты Жаңалықтар Алматыда ауа сапасын жақсарту үшін жаңа ережелер енгізіледі

Алматыда ауа сапасын жақсарту үшін жаңа ережелер енгізіледі

Көк түтін тұмшалаған Алматының экологиясы тұрғындарды алаңдатып отыр. «AirVisual» зерттеу ұйымының дерегінше, ауаның ластану деңгейі 179 балға жеткен. Бұл – Пәкістанның Лахор қаласы мен Үндістанның Дели қаласына жақын көрсеткіш. Ал мегаполис әкімдігі ауа сапасын жақсарту үшін экологиялық талаптардың жаңа ережелерін әзірледік дейді. Құжатқа сай өндіріс ошақтары, кәсіпкерлік нысандары, сондай-ақ автопарктер қатаң қадағаланады. Жаңа ережелер қалаға қалай әсер етеді? Нұрдәулет Сыздық айтып берсін.

Түтінге толы Алматының аспаны. Тұрғындар күн сайын қаладағы ауа сапасының нашарлап бара жатқанына алаңдаулы.

Демікпе, бронхит, өкпенің созылмалы қабынуы – лас ауаны тыныстағаннан пайда болатын ауру түрлері. Шаң-тозаң өкпенің ең терең қабатына өтіп, созылмалы дертті қоздырады. Дәрігерлер экологиялық жағдайдың,әсіресе балалар мен қарттарға ауыр тиетінін айтып отыр.

Арай Батырбаева, дәрігер-аллерголог:

Қатты түтін болған күндері терезені көп ашпау, желдеткішпен жиі көп қолданбау, үйді аптасына 2-3 рет ылғалды тазалау, артық жастық, жұмсақ ойыншықтар дегендерді алып тастау. Өйткені олар - шаңның көзі.

Алматыда 700 мыңнан астам көлік тіркелген. Сарапшылардың дерегінше, олар жыл сайын ауаға 112 мың тоннадан аса зиянды қалдық бөледі. Эколог Айнұр Сейілхан мегаполистегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін қоғамдық көлікті кеңінен насихаттау қажеттігін айтады.

Айнұр Сейілхан, эколог:

Маусымдық кезде қыс айында, күз айында адам санының көбеюіне байланысты автокөліктер де көбейеді. Негізі 5-стандартқа сәйкес ескірген автокөліктердің санын азайтқанда адамдардың көбі қоғамдық көлікке ауысады. Қоғамдық көліктің санын арттырып, қоғамдық көліктерде жеңілдік қарастыру керек.

Мамандар сөзінше, Алматыда атмосфераға жылына 189 мың тоннаға жуық зиянды қалдық бөлінеді. Оның 60 пайызы равтокөліктерден, 27 пайызы өндіріс орындарынан, ал 11 пайызы жеке тұрғын үйлерден келеді. Енді ауа сапасын жақсарту үшін экологиялық талаптар қатаңдай түседі.

Айдана Қасен, «Ecoalmaty» ЖШС Атмосфералық ауаны қорғау департаментінің басшысы:

Бұл қағидалар бойынша қаладағы көптеген зауыт-фабрикаларға, автокөліктерге қадағалау күшейтіледі. Одан бөлек 2026 жылға дейін ТЭЦ газға көшу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Толық газға көшіріліп, шығарындының көлемі үлкен көлемде азайтылады. Яғни бұрын жылына 37 мың тонна болса, газға ауысқаннан 2,7 мың ғана шығарынды шығады.

Сарапшылардың болжамынша, өзгерістер 3 жылда нәтиже береді. Жаңа талаптар Алматыдағы ауа сапасын біртіндеп жақсартады. Бұл өз кезегінде тұрғындардың денсаулығына оң әсер етуі бек мүмкін.


Бөлісу