Басты Жаңалықтар Балалар арасында көз аурулары белең алды

Балалар арасында көз аурулары белең алды

Жанарымыздан жарық тайып барады. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша мыңнан астам нәрестеден көз ауруы анықталған. Қауіпті дерттің жасарып бара жатқаны мамандарды алаңдатып отыр. Сондай-ақ көзіне әртүрлі ота жасатып, сән үшін линза тағуға талпынатындар да көбейген. Ал оның салдары қандай болмақ? Көздегі кемшілікпен қалай күресеміз? Ернұр Медет жауап іздеп көрді.

Бұрын ең ертесі 6-7 жаста басталатын миопия, қазір баланың 2-3 жасында-ақ анықталатын мысалдар көп. Яғни бүлдіршін жақыннан көріп, алыстан тек шырамытады. Салдарынан қазір әр сыныпта көзілдірік таққан кемінде 5-6 бала бар. Сағаттап смартфон қарау жанардың солуына әкеледі. Былтыр түрлі диагнозбен 12 мыңнан аса жеткіншек маман көмегіне жүгініпті.

Камила Кенжебаева, «Қазақстан офтальмологтар қоғамы» РҚБ офтальмопедиатрия бойынша сараптамалық кеңес жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы:

Біз осыдан 5 жыл бұрын зерттеу жүргізгенбіз. 2050 жылға қарай оқушылардың 50 пайызы көз ауруларына шалдығады. Яғни әрбір екінші бала көзілдірік тағады. Алдын алу үшін әр түрлі шаралар, скринингтік тексерулер жүргізіліп жатыр. Бірақ ол бәрін түгел қамти алмайды.

Көру қабілетінің төмендеуі жасқа да, жасамысқа да ортақ дертке айналды. 60 жастан кейін пайда болатын катаракта, глаукома сырқаттары, осы күні 40-45 жастағы орта буында жиі кездеседі. Сондай-ақ өз бетінше ем жүргізу, көзге тамызатын препараттарды дұрыс таңдамаудың да зияны орасан. Тіпті біз мүлде ескермейтін сепбептер де көз ауруына әкелуі мүмкін.

Дәрия Бекен, қала тұрғыны:

Менде қазіргі кезде көзде халязион шықты. Ол көзде ұшық сияқты шығады. Дәрігерлердің айтуынша, суықтан шығады. Егер далаға жеңіл киіммен шықсаң, басыңды жуып далаға шықсаң содан пайда болады. Сондай жаман, күнделікті өмірге жайсыздық әкеледі. Далаға шыға алмайсың. Дұрыс көре алмайсың.

Бүгінде қас-қабағының сыртқы пішінін, тіпті лазер арқылы қарашығының да түсін өзгерткісі келетіндер бар. Бірақ тілеп алған ауруға ем қонбайтыны белігілі. Сондықтан сақ болып, көз күтіміне мән берген жөн. Тіпті жаңа туған сәби жанарының өткір болуына да анасының өмір салты тікелей әсер ететін көрінеді. Сондықтан әсіресе жүкті әйелдердің дұрыс тамақтануы, ұйқысының жүйелі болғаны аса маңызды,-дейді дәрігерлер.

Елена Тещенка, дәрігер-офтальмолог:

Кемінде 2 сағатты далада өткізу керек. Өйткені далада көзге күн сәулесі түседі, қимыл-қозғалыс болады және адам алыстағы заттарға көбірек қарайды. Бұдан бөлек ата-аналарға балаларын 7 мен 10 жас аралығында дәрігерге апарып, көзін тексертіп тұрғаны жөн. Көз ауруларының жиілеуі - өте қауіпті тенденция. Кейін кембағал жандар көбеюі мүмкін. Ал ол еңбек нарығына, маман тапшылығына да әсер етеді.

Ернұр Медет, тілші:

Қазақ қызғыштай қорып, аманаттаған дүниесін «Көзіңнің қарашығындай сақта» дейді. Бұл көздің сіз бен біз үшін қаншалықты құнды екенін көрсетсе керек. Бірақ бүгінгі зерттеу нәтижелері көңіл көншітпейді. Ғалымдардың болжамынша, 2050 жылға қарай жаһанда 250 млн баланың көз жанары нашарлауы мүмкін. Сондықтан болашағымыз бұлыңғыр болмасын десек, көз ауруына көз жұма қарамайық.


Бөлісу