Басты Жаңалықтар Жаңа жылдан бастап мобильді аударымдарға бақылау күшейеді

Жаңа жылдан бастап мобильді аударымдарға бақылау күшейеді

Жаңа жылдан бастап елімізде мобильді аударымдарға бақылау күшейеді. Шотқа 1 миллион теңгеден асатын ақша түскендер тексеріледі. Егер банк қызметкері күдік тудыратын операцияларды байқаса, мәліметті бірден мемлекеттік кірістер органына жолдайды. Ақша аударымына қатысты Салық кодексіне енгізілген өзгерістер туралы әріптесім Асылбек Данияр тарқатып айтады.

Асылбек Данияр, тілші:

Қаржы министрінің бұйрығымен мобильді аударымдарды бақылаудың өлшемшарты өзгерді. Жаңа талап 1 қаңтарда күшіне енеді. Енді банк картасына үш ай қатарынан 100-ден аса адам ақша аударса және жалпы сомасы бір миллион жиырма мың теңгеден асса, бұл операциялар кәсіпкерлік табыс ретінде қарастырылады. Бұл мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына банк береді.

Салық комитеті, шотқа банк арқылы камералық бақылау жүргізу кезінде бизнес белгілерін анықтаса, азаматқа 1414 номері, яки салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы ескерту хабарлама жібереді. Егер келіссе 30 жұмыс күні ішінде салық есептерін тапсырып, табыс салығын төлеуі керек. Ал келіспеген жағдайда тиісті органға себептерін растайтын құжаттар мен түсінік хатын тапсыруы тиіс. Жаңа ережелер шағын кәсіпкерге де, қарапайым азаматтарға да бірдей қолданылады. Айта кетейік, бұл норманың қайырымдылық қорларына, отбасының той-томалақ немесе садақа кезінде түскен қаржысына қатысы жоқ.

Бұл өзгерістің басты мақсаты көлеңкелі экономиканы азайту және заңсыз табыс тапқандарды ресми түрде салық төлеуге ынталандыру.


Бөлісу