Аягөздегі алыс ауылдардың мәселесі шешілді
Абай облысының әкімшілігі Аягөз ауданындағы әлеуметтік мәселелерді жеделдетіп шешуді қолға алды. Аудан территориясы жағынан өңірдегі ең үлкені. Әсіресе алыс ауылдарда халық саны азайып барады. Сол себепті жақында «Қаладан ауылға» атты өңірлік жоба қолға алынбақ. Қазірдің өзінде өзекті мәселелердің түйіні тарқай бастаған. Жол жөндеуге қомақты қаржы бөлініп, мектеп, медициналық мекемелер қолданысқа беріліп жатыр.
Өңір басшылары, тиісті басқарма мамандарымен Аягөздегі ең шалғай жатқан елді мекендерді арнайы аралады. Шағын ғана Малтүгел ауылына облыс әкімі атанғандар бұрын-соңды мүлдем келмеген-дейді тұрғындар.
Әкімге базынасын тұрғындар тікелей жеткізді. Жақында ғана мұнда заманауи медициналық пунк қолданысқа берілген. Барлық талапқа сай келетін мекемені малтүгелдіктер талай жыл тосыпты.
Мұсақажы Сақажанов, Малтүгел ауылының тұрғыны:
Биыл салынды. Ауырып-сырқасаң осында қараласың. Дәрігері, медбикесі бар. Енді су мен интернетті жасап берсе дейміз.
Таңсық ауылына да талайдан әкім қаралар ат басын бұрмаған. Тарихи мекенде «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» кесенесі орналасқан. Турист жиі келетін жерге апратын жол ауыр. Екі жыл бұрын тасқында көпірі талқан болған. Қазір ауылдықтар айналма жолмен қатынауға мәжбүр. Мамандар жыл аяғына дейін жобалық-сметалық құжатын дайындап, құрылысқа қажет қаржысын бөлінетіндігін жеткізді.
Ал Аягөз қаласында жаңа жансақтау бөлімі қолданысқа берілді. Оны облыс басшылары аралап көріп, жұмысымен танысты.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында салынған ғимаратта оқшауланған палаталар, диализ бөлмесі, бейнебақылау жүйесі, қан сақтау қоймасы, дәрігерлерге арналған жұмыс және демалыс бөлмелері қарастырылған. Қажет құрылғысы толық.
Шалқар Омаров, Аягөз аудандық ауруханасының бас дәрігері:
Құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Ішінде қолдан тыныс алу аппаратымен төсек жабдықтары бар. 5 реаниматолог маманы және орта медициналық қызметкерлермен толықтай қамтамасыз етілген.
Аягөз қаласындағы ең өзекті түйткіл жылу мәселесі еді. Биыл «Орталық» қазандық жөнделіп, 3,9 шақырым жылу желісі ауысты. Аудандағы тозған жолдарды жөндеуге 2,1 млрд теңге бағытталып отыр. Осы сынды атқарылған жұмыстары облыс әкімі аудан халқымен болған жиында жеткізді. Аягөздіктер де сауаларын жолдап, көкейдегі көп мәселелерін мамандарға тікелей айтуға мүмкіндік алды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы