Басты Жаңалықтар Оңтүстікте су тапшылығы 1 млрд текше метрге дейін жетуі мүмкін

Оңтүстікте су тапшылығы 1 млрд текше метрге дейін жетуі мүмкін

Келер жылы еліміздің оңтүстік аймақтарында егістіктерге қажетті судың тапшылығы 1 млрд текше метрге жетуі мүмкін. Үкіметте бүгін осындай болжам айтылды. Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың сөзінше, Шардара су қоймасына келетін ағын су 43%-ға төмендеген. Ал Нарын-Сырдария каскадындағы қорлар былтырғы көрсеткіштерден 3,8 млрд текше метрге аз. Осыған байланысты Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімдеріне қатаң тапсырма берді. Суару маусымының тұрақты өтуі үшін егістік алқаптарын реттеу шаралары қолға алынбақ. Мәселен, суды пайдаланудың нақты мөлшері белгіленеді. Фермерлерге егіс құрылымын қайта қарастырып, суды аз қажет ететін дақылдарға көбірек мән беру ұсынылады. Сондай-ақ әр облыста ылғал сақтайтын инновациялық препараттарды сынау үшін тәжірибелік учаскелер бөлу жоспарланып отыр. Әр шаруа қожалықтың нақты қанша гектарға өнім егетіні алдын ала белгіленеді. Егер ол межеден асып кетсе бір тамшы да су бермейміз деп ескертті Премьер-Министр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Ауыл шаруашылығы министрлігі егіс алқаптарын әртараптандыру жөнінде тиісті кесте бекітті, алдағы уақытта барлық жұмыс осы кестеге сәйкес жүргізілуі тиіс. Мысалы, егер бір шаруашылықта 100 гектар болу керек десек, ертең 1 гектардан артық егілсе, біз оған бір тамшы су бермейміз. Егер ертең Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен көрсеткіштерді бұзып, диқандар шығынға ұшыраса, бір тиыны да бюджеттен өтелмейді.  


Бөлісу