Басты Жаңалықтар Маңғыстау облысында 18 инвестициялық жоба жүзеге асты

Маңғыстау облысында 18 инвестициялық жоба жүзеге асты

Маңғыстау облысына соңғы үш жылда 3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Биылдың өзінде 235 млрд теңгенің 18 жобасы іске асырылып, 500 ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Аймақ басшылығы шетелдік инвесторларды тарту мақсатында алыс-жақын шет мемлекеттердің елшілерімен, ірі инвесторлармен кездесу өткізді. Нәтижесінде келесі жылдан бастап 53 жаңа жоба жүзеге аспақ.

Кирилл Демченко осыдан 3 жыл бұрын Ақтау теңіз порты арнайы экономикалық аймағында кәсіп ашып, химия, құрылыс және азық-түлікке арналған қаптар шығара бастады. Жобаға 2 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Кәсіпкер инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға облыста қолайлы жағдай жасалғанын айтады.  

Кирилл Демченко, «Westecoplast» ЖШС директоры:

Мемлекет тарапынан арнайы экономикалық аймағы ішінде біздерге төлемсіз жер бөлінді, тағы салықтан босатуға көмектесті. Біздің алып келген құрылығымыз ҚҚС салығынан босатылды. Осы қолдаудың арқасында біздің кәсібіміз қазіргі таңда жылына 6 млн қап өндіріп жатыр.

Жергілікті әкімдік жаңа кәсіпорындар ашып, жұмыс орындарын құруға баса назар аударуда. Соңғы 3 жылда өңірге 3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Биыл көрсеткіш арта түсті. 10 айда 854 млрд теңге инвестиция салынған. Қаражат негізінен мұнайгаз саласы мен өңдеу өнеркәсібіне жұмсалды. 

Талғат Сақтағанов, Облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

Өңірімізге соңғы 3 жылда 3 млрд АҚШ доллары тікелей шетелдік инвестициялар салынған. Бұл дегеніміз шетелдік инвесторлардың өңірімізге деген сенімінің белгісі. Осы жылдың басынан бері өңірімізде 18 инвестициялық жоба іске асырылды. Нәтижесінде 235 млрд теңге инвестиция салынды және 560-тан астам жаңа тұрақты жұмыс орындары құрылды.

Облыста 2026-2032 жылдары 53 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Оған 10 жарым триллион теңгеден астам инвестиция салынады. Нәтижесінде 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылмақ.


Бөлісу