Білімді әрі адал ұрпақ – ұлт болашағы
Білімді әрі адал ұрпақ – ұлттың берік іргетасы. Алматы қаласында осы маңызды тақырып аясында сарапшылар бас қосып, жас ұрпақтың бойына адалдық пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіру мәселесін талқылады. Форумды Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірлесіп ұйымдастырды.
Шарада қатысушылар әрбір жас адалдықты өмірлік ұстанымы етіп, ел мүддесіне қызмет қылатын саналы азамат болып қалыптасуы қажет екенін атап өтті. Сарапшылардың сөзінше, парасатты ұрпақ қана ұлттың сапасын арттырып, халықтың болашаққа деген сенімін нығайтады.
Еркеболат Нұржігітов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы:
Бүгінгі шара білім беру жүйесіндегі парасаттылық пен адалдық мәдениетін қалыптастыруға арналған. Жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру біріншіден, отбасынан басталуы керек. Және мектеп, жоғары оқу орындарында жалғасуы тиісті.
Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары, сала мамандары мен қоғам қайраткерлері қатысты. Жиында жастар арасында адалдық ұстанымын нығайтып, білім беру сапасын арттыру мәселелері де қозғалды.
Марат Қалимолдин, «Адалдық алаңы» жобасының Алматы қаласы бойынша жетекшісі:
Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселесіне кең көңіл бөліп жатырмыз. Форумдар, конференциялар, дөңгелек үстелдер өткізіліп отыр. Жастармен кездесулер ұйымдастырамыз. Сол бағытта кең ауқымды ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Ол нәтижесін беріп жатыр.
Шара соңында сарапшылар «Адал білім» және «Адал ұрпақ» бастамаларын жүзеге асырудың маңызын ерекше атап өтті. Сондай-ақ жастардың бойына ізгі қасиеттерді қалыптастыруда отбасының рөлін күшейту мәселесі талқыланып, Алматы қаласындағы білім беру ұйымдарында енгізіліп жатқан оң тәжірибелер таныстырылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы