Басты Жаңалықтар Мектептегі жаңа ас мәзірі

Мектептегі жаңа ас мәзірі

Ақмола облысының Макинск қаласындағы екі мектепте оқушылардың жаңа ас мәзірі бойынша тамақ беріле бастады. Мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты бойынша табиғи өнімдерге басымдық беріліп, фаст-фуд мүлдем алынып тасталған. Асханаларда газдалған сусындар мен шырын да сатылмайтын болды.

6-сынып оқушысы Қадыр Оңдасын бұрын буфет өнімдерін таңдап, фаст-фуд жегенін жасырмайды. Алайда жаңа оқу жылынан енгізілген жаңа ас мәзірі оның дұрыс тамақтануға деген көзқарасын өзгерткен.

Қадыр Оңдасын, оқушы:

Бұрын мен сосиска в тесте, пицца және көптеген газдалған сусындар ішетінмін. Бірақ оның бәрі зиян болғаны үшін біздің ас мәзірімізден алып тастады. Қазір ол сатылымда жоқ. Енді біздің асханамызда жаңа ас мәзірі қойылды. Мысалы, бүгін қарақұмық, ет, алма, айран және т.б. тағамдар беріледі. Ас мәзірімізге салаттар, көкөністер қойылады. Маған осы тамақтардың барлығы ұнайды.

Балуан Шолақ атындағы мектеп-гимназиясында бүгінде тегін ыстық тамақпен 303 оқушы қамтылған. «Алақан» қосымшасы арқылы олардың немен тамақтанғанын ата-аналары да бақылап отырады.

Айгүл Айтжанова, ата-аналар комитетінің төрайымы:

Ата-аналар болып асхананы тексеріп шығамыз. Жаңа ас мәзірі өте жақсы. Пайдалы көкөністер, жемістер қосылған. Бәрі ет қосылған табиғи тамақтар. Ас мәзірі өте жақсы, біз ризамыз.

Көкөністерден дайындалған жеңіл салаттар балалардың тәбетін ашып, майлылығы аз айран ас қорытуын жақсартады, - дейді мектеп асханасының меңгерушісі. Сондықтан ыстық тамақтың да барынша пайдалы болуына мән берілгенін айтады.

Кәмаш Рахимова, мектеп асханасының меңгерушісі:

Табиғи өнімдерге мән береміз. Балаларға бешбармақ береміз. Мақсатымыз - балалардың тамақтары құнарлы болуы.

Жаңа стандарт бойынша тамақтандыруға көшкен екі мектептегі асхананы бір кәсіпкер жалға алып отыр. Ол балалардың денсаулығы үшін қызмет сапасын жақсартуға құлшынып отыр, - дейді мектеп директоры.

Азамат Қуанышев, Макинск қаласындағы Балуан Шолақ атындағы мектеп-гимназиясының директоры:

Біздің жоспарымызда жылқы етін қосу бар. Келісімшартқа отырып, алдағы жылда балаларға жылқының етін береміз деп отырмыз. Балаларға көп пайдасы тиеді деп ойлаймын.

Теңгерімді ас мәзірі бойынша тағамдардан қант мөлшері едәуір азайтылған. Сондықтан оқушыларға қазір бал да берілмейді. Керісінше, көкөністер мен жемістерге басымдық берілген, биыл ас мәзіріне бұршақ дақылдары мен айран қосылған.


Бөлісу