Басты Жаңалықтар Бүгін – халықаралық Адам құқықтары күні

Бүгін – халықаралық Адам құқықтары күні

Бүгін әлем елдері Адам құқықтары күнін атап өтті. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, адамзаттың көп жапа шеккенін алға тартып, БҰҰ Адам құқықтары туралы декларация қажет екенін жариялады. Нәтижесінде адамға деген қарым-қатынас өзгеріп, құрмет артты. Ал бұл декларацияның Қазақстанға тигізген әсері қандай?

10 желтоқсан, яғни бүгін Қазақстан және бүкіл халықаралық қауымдастық Адам құқықтары күні. 77 жыл бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын қабылдады. Бұл осы саладағы алғашқы халықаралық және маңызды құжат еді. Нәтижесінде көптеген елдерде адам құқықтары қайта қаралып, жаңа ережелер бекітіле бастады.

Тастемір Әбішев, ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:

БҰҰ-ға мүше елдердің барлығы, 193 мемлекет осы адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының нормаларын мойындаған. Ал Қазақстанға байланысты, біздің ата-заңымызда осы декларацияның көптеген нормалары енгізілген. Мысалы, әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы және әркім өз құқықтарын сот арқылы қорғай алады. Адамның қадір-қасиетіне, жеке өміріне қол сұғылмайды. Осының бәрі декларацияда бар. 

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі нормаларының Ата заңға енгізілгені нәтижесінде соңғы жылдары елімізде құқық қорғау саласында, сондай-ақ мемлекеттің демократиялық институттарын нығайту бағытында оң өзгерістер болды.

Гүлайша Әлиасқарова, заңгер:

Соңғы жылдарда қабылданған заңдар бойынша алқабилер соты қабылданды. Былтыр бізде кассациялық сот жекеге шықты. Яғни бұған дейін жоғары сотқа жолданатын болса қайта қарау туралы талап-тілек, қазіргі кезде бірден кассациялық сотқа жүгіне алады. Адам құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен бізде 2024 жылдан бастап жұмыс істейді.

Адам құқықтары туралы ережелер заман талабына сәйкес өзгеріп отырды. Мәселен, декларация қабылданғанда адамның ақпарат еркіндігі, интернетке қолжетімділік сияқты құқықтарын бекіту ешкімнің ойына келмеген еді. Бірақ уақыт өте осындай ережелер өзекті бола бастады. Сондықтан Адам құқықтары мәселесі әрдайым БҰҰ-ның басты назарында.


Бөлісу