Басты Жаңалықтар Австралия балаларға әлеуметтік желіні шектеді

Австралия балаларға әлеуметтік желіні шектеді

Австралия 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салды. Ол жастарды интернеттегі араңдатушылықтан, жалған ақпаратпен және заңсыз контенттен қорғауға бағытталған. Былтыр ел Парламенті қарашада қабылдаған заң бүгін күшіне енді. Ал әлеуметтік желілер талапты орындамаса, оларға қомақты айыппұл салынуы мүмкін. Толығырақ Темірлан Нұржанұлының материалында.

Темірлан Нұржанұлы, тілші:

Австралия 16 жасқа толмағандарға TikTok, YouTube, Instagram, Snapchat, Facebook, Reddit және X сияқты 10 платформаны шектеді. Ел үкіметі балалар жаңа сервистерге көшкен сайын бұл тізімнің толықтырылып отыратынын айтты. Бірақ бұл тыйым WhatsApp мессенджеріне, электронды пошта қызметтеріне, онлайн-ойындарға және білім беру жобаларына қолданылмайды.

Джули Инман Грант, Австралияның электрондық қауіпсіздік комиссары:

Австралия әлеуметтік желілерге және балаларды өз платформаларына байлап ұстап тұрған алдамшы әрі зиянды функцияларға нүкте қойып отыр. Шексіз скроллинг, автплей сияқты элементтер арқылы оларды ойынға айналдырып, қауіпті ақпараттың тереңіне тартып әкетеді.

Темірлан Нұржанұлы, тілші:

Егер компаниялар балаларға әлеуметтік желіге кіру мүмкіндігін шектеуге қажетті шаралар қабылдамай, талапты орындамаса, олар 49,5 миллион австралиялық доллар көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін. Бұл шамамен 33 миллион доллар. Теңгемен есептесек, 15 млрд-қа шығады. Канберрадағы үкіметтің бұл қадамының сынайтындар жаңа заңның сөз бостандығын шектейтінін айтады. Ірі технологиялық компаниялардың мүддесін қорғаушы, NetChoice ұйымының өкілі бұл жасөспірімдерің әлеммен байланысын үзеді және ересек қоғамда өмір сүруге қажетті дағдылардан айырады дейді.

Стелла Питерсе, оқушы:

Мен бұл заң не үшін керегін түсініп отырмын. Бірақ 14 жаста жұмыс істей алсаң, біреудің баласын бағып, күтуші бола алсаң, әлеуметтік желіні де пайдалана алуың керек деп ойлаймын. Үкімет сенім білдіруі тиіс.

Ал Австралия Премьер-министрі Энтони Альбанезенің айтуынша, бұл ел тарихындағы ең ауқымды әлеуметтік және мәдени өзгерістердің бірі.

Энтони Альбанезе, Австралия премьер-министрі:

Бұл – аустралиялықтар үшін мақтанышқа толы күн. Себебі осы реформа балалардың өмірін өзгертеріне ешқандай күмән жоқ. Бұл олардың балалық шағын бақытты өткізуіне мүмкіндік береді. Барынша пайдасын береді. Бұл еліміздің тарихындағы ең ауқымды әлеуметтік және мәдени өзгерістердің бірі. Біз ауқымды реформаны қолға алдық. Ал оның әсері бүкіл әлемге сезіледі.

Иә бұған дейін Дания, Малайзия және Норвегия да осындай шектеулер енгізуге ниетті екенін мәлімдеді. Ал Еуропалық Одақ 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді шектеу туралы резолюция қабылдаған. Бұл мәселе Қазақстанда да көтерілген еді. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов балаларға әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салу туралы бастама көтеріп, ЖИ министрлігіне сауал жолдаған болатын. Бірақ жасанды интеллект вице-министрі Дмитрий Мун әзірге мұндай шектеулер бола қоймайды деді.


Бөлісу