Басты Жаңалықтар Мүгедектігі бар 522 мыңнан аса азаматқа керек құрал тегін берілді

Мүгедектігі бар 522 мыңнан аса азаматқа керек құрал тегін берілді

Елімізде мүгедектігі бар азаматтарға техникалық көмекші құралдар тегін беріледі. Былтыр 512 мыңнан аса аппарат үйлестірілсе, биыл 10 айдың ішінде 522 мыңнан аса көмек көрсетілген. Ұлыбритания, Германия мемлекеттерінен арнайы тапсырыспен алынатын құрылғылардың ерекше жандарға қандай көмегі бар? Нәтижесі бар ма?

Шымкентте тұратын 9 жасар Жігерге қажетті көмекші құралдар 5 ай бұрын жеткізілді. Осы аралықта «оң нәтижесін көре бастадық», - дейді анасы. Бұрын аяқтан тұрудың өзі мұң еді, қазір аппаратты сүйреп, күн сайынғы жаттығуды қалыс қалдырмайды.

Бағила Елікбаева, Жігердің анасы:

Балам 5 айдың ішінде белін дұрыс ұстай бастады. Белгілі бір уақыт бар, сол кезде жаттығу жұмыстарын жасаймыз. Жарты сағаттай тұрады осы жерде.

Биыл дәл осындай техникалық көмекші құралдар 522 мың қажеттілігі бар азаматқа жеткізілді. Жалпы, мүгедектігі бар жандарға берілетін иновациялық құралдардың 4 түрі бар елде. Біріншісі, протездік-ортопедиялық. Бұл – аяқ-қолдың орнын алмастыратын яки түзететін құрал. Екіншісі – сурдотехникалық, яғни есту қабілетін түзетуге арналған. Үшінші – тифлотехникалық, бұл – көру қабілеті бұзылған адамдарға ұсынылады. Ал соңғысы – міндетті гигиеналық. Яғни, жөргектер, катетер сынды ең қажетті заттар.

Мерей Қадышев, ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің бас сарапшы:

Мүгедектігі бар адамдардың 86,3 пайызы осы тауарлармен толықтай қамтылды. Жыл соңына дейін біз бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізуге тырысамыз. Тауарды жеткізу бір бөлек, сапалы тауар жеткізу ол – тағы бір бөлек дүние. Санға ғана емес, сапаға да жұмыс істеп жатырмыз.

Былтыр мүгедектігі бар балаларға арналған техникаларды сатып алу, жеткізу, маман даярлау, ата-ананы оқыту және оңалтуды үй жағдайында қолжетімді ету сынды жұмыстарды үйлестіру үшін арнайы пилоттық жоба іске қосылды. Әзірге 4 өңірде, яғни Абай, Павлодар, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласында жұмыс істейді. Өте қымбат инновациялдық құралдар Қазақстан халқына қорының демеушілігімен Ұлыбритания, Германия мемлекеттерінен тапсырыспен алынады. 

Шолпан Бөлекбаева, Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың Ұлттық ғылыми орталығы бас директорының орынбасары, м.ғ.д., профессор:

Сол төрт аймақта 498 баланы қабылдадық. Жаңағы 498 баланың ішінде 70 пайызында оң нәтиже беріп жатыр. Ол қандай нәтиже? Өз бетімен жүрмейтін балалардың ішінде қазір 23 бала жүретін болды.

Қазір бұл құралдарды алу жолдары да оңтайланған. Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы кез келген қажеттілігі бар азамат тапсырыс бере алады. Аппараттарды бірден үлестірмейді. Алдымен оны пайдалану тәсілдерін үйретеді. Құралдар қолға тиген соң күн сайын жаттығу жасаған видеоны сол порталға жүктеп, есеп беріп отыру қажет. Сонда ғана нәтиже болады.


Бөлісу