Ақмола облысында жыл басынан бері 1 трлн теңгенің ауыл шаруашылық өнімі өндірілді
Ақмола облысында жыл басынан бері 1 трлн теңгенің ауыл шаруашылық өнімі өндірілді. Биыл аграрлы аймақ 7,6 млн тоннадан астам астық бастырып, рекорд жаңартты. Өңірде бидайды тереңдетіп өңдеу бойынша екі ірі жоба қолға алынды. Оған 3,4 млрд долларға жуық шетелдік инвестиция тартылған.
Биыл диқандар соңғы 10 жылда болмаған рекордты жаңартты. 7,6 млн тонна астықтың 70%-дан астамы үшінші санатты. Үкіметтен бөлінген 12 миллиард теңге минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға бағытталды. Сөйтіп, шаруалар шығынның 60 пайызын өтеуге мүмкіндік алды. Нәтижесінде зеренділік дихан Жұмабек Төлебаев гектарынан 50 центнерге жуық бидай жинады.
Жұмабек Төлебаев, «Айжан» шаруа қожалығының басшысы:
Егін жақсы шықты. 50-ден алған алқап болды. Бірінші рет солай алып отырмыз. Жер сепкесін онымен жұмыс істеу керек. Жырту керек, тыңайтқыш себу керек дегендей.
Өңірдің жоғары сапалы бидайы қашан да сұранысқа ие. Биыл аграрлы аймақтың экспорттық әлеуеті артып, Орталық Азия елдерінен бөлек, Еуропа нарығына шықты. Нәтижесінде жыл басынан бері 3,5 млн тонна бидай экспортталды.
Нұрбек Бадырақов, облыстық Ауыл шаруашылық басқармасының басшысы:
Ақмола облысының шаруаларының бидайы Эстонияда 90 күнге дейін техпортта тегін сақтауға қол жеткіздік. Биыл жұмыстардың нәтижесінде қазіргі таңда 250 мың тоннаға жуық бидайымыз Луга порты арқылы Эстониямен әрі қарай Венгрия, Италияға экспортталады.
Биыл терең өңдеу арқылы шикізаттан сапалы өнім алу бойынша екі ірі инвестициялық жоба қолға алынды. Оның бірі Аршалы, екіншісі Шортанды аудандарында іске асты.
Облыста мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Өңірде 46 ет фермасы мен 47 сүт-тауарлы ферма, 7 мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр.
Бибінұр Әмірханқызы, тілші:
Ауылшаруашылық саласында 76 өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Оның 30-ы ұн тарту, 8-і майлы дақылдарды өңдеу болса, 23-і ет, ал 15-і сүт өңдеу саласында мықтап орныққан. Мәселен, 60 жылдық тарихы бар Көкшетау сүт зауыты дәмді балмұздағымен танымал. Тек бір жыл ішінде кәсіпорын бір мың тоннадан астам май, 1,5 мың тоннаға жуық сүт және 2,5 мың тоннаға жуық балмұздақ өндірген.
Ақмола облысы - елорданың азық-түлік белдеуін
қалыптастыруда стратегиялық аймақ саналады. Қазіргі таңда күн сайын Астанаға
130 тонна сүт өнімдері, 80 тонна ет және 700 мың жұмыртқа жіберіледі. Алдағы үш
жылда ауылшаруашылығы бағытында қайта өңдеуді кеңейтіп, өндірісті арттыру үшін 86
жоба жүзеге аспақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы