Пойыздағы улану оқиғасы: Жансақтау бөліміндегі екі бала бөлімшеге ауыстырылды
Алматыда пойызда уланып, жансақтау бөліміне түскен екі бала токсикология бөлімшесіне ауыстырылды. Жасөспірімдердің жағдайы жақсы, өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ, дейді қалалық Денсаулық сақтау басқармасы. Оқиға «Алматы-2» вокзалына келген жеке компанияға тиесілі пойызда болған. Ал вагондар фильм түсіру үшін киностудияға берілген екен. Осы жайтқа қатысты желілік полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 156-бабы, яғни еңбекті қорғау қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады.
Нұргүл Мейірханова, зардап шегуші:
Түсірілімді кореялық компания жүргізді. Суық үш вагонда жұмыс істедік. Үрлеп жылытатын екі құрылғыны үлкен газ баллонына қосып қойған екен. Кіргенде-ақ газдың иісі сезіліп тұрды. Бір кезде екі қыз есін жоғалтып, құлап қалды. Сол кезден бастап өзімізді жайсыз сезіне бастадық. Арамызда аяғы ауыр келіншек те болды. Вокзалға тоқтағанда бірнеше жедел жәрдем көлігі бәрімізді ауруханаға алып кетті.
Құрметбек Тоқтар, қалалық Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы директорының орынбасары:
Жансақтау бөлімінде жатқан екі бала бүгін токсикология бөлімшесіне ауыстырылды. Қазіргі таңда балалардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Дүйсенбі күні қорытынды анализдер аламыз. Сол анализдердің нәтижесіне қарай үйіне жіберу туралы сұрақ шешіледі.
Кеше Алматы-2 теміржол вокзалына келген пойызда 53 жолаушы газдан уланған еді. Олардың 12-сі - 5 пен 15 жас аралығындағы балалар. Зардап шеккендер қалалық ауруханаларға жеткізіліп, қажетті медициналық көмек көрсетілді. Тексерістен кейін 10 бала емдеу мекемелеріне жатқызылған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы