4,1 трлн теңгеге 62 инвестициялық жоба іске асады
Жамбыл облысында алдағы төрт жылда 4,1 трлн теңгеге 62 инвестициялық жоба іске асады. Нәтижесінде 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ. Бүгінде бұл бағытта 26 зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Арасында елімізде алғаш салынып жатқан кальцийленген сода зауыты бар. Әулиеата өңірінің әлеуетін арттыруға бағытталған инвестициялық жобалар жайында Данияр Әлімқұлдың бейнематериалы.
Жамбылда жүзега асып жатқан жарқын жобалардың басында жылына 3 млн тонна қалдықсыз болат өңдейтін металлургия зауыты тұр. Сондай-ақ 3 млн тонна жүгеріні терең өңдейтін зауыт құрылысы жүріп жатыр. Шу ауданындағы қос жобаның құны 1 трлн теңгеге жуықтайды.
Ал Сарысу ауданында «ЕвроХим» компаниясы 1 млрд долларға минералды тыңайтқыш шығаратын химиялық зауыт салып жатыр. Онда 1 200 адам жұмыс істеп, жылына 1 млн тонна өнім алады. Сондай-ақ аталған ауданда кальцийленген өнім өндіретін елдегі алғашқы зауыт бой көтереді. Жоба құны 800 млн доллар.
Юсуф Джейлан, «Qazaq Soda» ЖШС директоры:
Жылына 500 мың тонна кальциленген сода өндіреміз. Ал оны екінші кезеңде екі есе арттырамыз. Бүгінде құрылыс 50%-ға аяқталды. Кәсіпорын келесі жылдың күзінде ашылысымен бірден 400 адам жұмыс істейтін болады. Біз Қазақстан нарығын толық қамтимыз, экспортқа да шығарамыз.
Ал Талас
ауданында натрий цианиді өндірісінің екінші кезеңі іске асып жатыр. Келесі жылы
қуаты екі есеге артатын кәсіпорын 30 мың тонна өнім шығарып, қосымша 10 мың
тонна аммоний сульфаты тыңайтқышын өндірмек.
Әбдіғали Жүнісов, «Talas Investment Company» ЖШС директорының орынбасары:
Қоршаған ортаға, ауаға ешқандай зияны жоқ. Екінші кезеңде 300 адам қосылады, сонда зауытта мың адамның үстінде жұмыс жістейтін болады. Әріптесіміз ТСС компаниясы Қытайдың қондырғының барлығын әкеліп қойып, іске қосып, оқытып кететін болады. Өзіміздің мамандарымыз жұмыс жасайды.
Өңірде 2029
жылға дейін 8 мың 300 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бұған Жамбыл билігі жалпы құны
4,1 трлн теңгені құрайтын 62 жобаны іске асыру арқылы қол жеткізбек. Биыл жыл
соңына дейін 26-сы іске асса, мыңнан астам жұмыс орны құрылады.
Ернар Оразбай, облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
Былтыр да бізде 30-дан астам жаңа инвестициялық жобалар іске қосылды. 26 инвестициялық жоба жылдың соңына дейін ашылады деп күтіліп отыр. Яғни қазіргі таңда оның соммасы 161 млрд теңгені құрайды. Енді осы ашылып отырған жобалардың арқасында Жамбыл облысы 1 трл-нан астам өнеркәсіп өнімін өндіріп отыр.
Айта кетейік,
биыл Жамбыл облысы инвестиция тарту бойынша республикада үздік үштікке кірді.
Жыл басынан бүгінге дейін өңірге қалталы кәсіпкерлер мен қаржылы компаниялар
534 млрд теңге қаржы құйған. Бұл былтырғыдан 38 пайызға көп.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы