Каспий құбырына шабуыл: Қазақстан 480 мың тонна мұнайдан айырылды
Қазақстан Каспий құбыр консорциумына шабуылдың салдарынан 480 мың тонна мұнайын жоғалтты. Бұл ақпарды журналистерге Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов аптаның ортасында берді. 480 мың тонна деген, бір тоннасын 450 доллар деп есептесек, 216 млн доллар. Немесе 110 млрд теңге.
Қараша айының соңында Новороссийскідегі КТК инфрақұрылымына шабуыл жасалғаны мәлім. Украинаның экипажсыз катерлері Новороссийскідегі Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалының айлақ құрылғысын қиратқан.
Энергетика министрі бұған дейін жөндеуде болған үшінші айлақ қондырғысы 15 желтоқсанға, яғни ертеңге дейін іске қосылатынын айтты. Ал жақындағы шабуылдың салдарынан бұзылған айлақ қондырғысы «тым қатты бүлінген, үш те екі жарым метрлік шұңқыр бар, өте үлкен» деді.
Е. Ақкенженов Қазақстан үшін Каспий құбыр консорциумына балама бағыт жоқ екенін шегеледі. Иә, елімізде өндірілетін 90 млн мұнайдың 80 пайызы осы құбырмен экспортталады.
Каспий құбыр консорциумына шабуылдан соң Қашаған мұнайы алғаш рет Қытайға тасымалданатынын Энергетика министрлігі растаған. Атырау – Кеңқияқ – Атасу – Алашанқай құбыры бойынша. Бірақ аз – 50-ақ мың тонна.
Жалпы, бұл құбырдың қауқары 10 млн тоннаға дейін ғана. Өткенде айттық, Баку – Тбилиси – Жейхан құбырына қосылу үшін мұнайды танкерлермен Бакуге жеткізу керек. Себебі тіке құбыр жоқ.
Каспий құбырына Украинаның дрон шабуылдарын айыптап, еліміздің СІМ-нің наразылық мәлімдемесін жариялауы, иә, бірінші кезекте қазынаға қатысты маңызды мәселе. Сонымен бірге дұшпанмен шатастырмауға шақыру.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы