Басты Жаңалықтар Тәуелсіздікке тағзым

Тәуелсіздікке тағзым

Осыдан 34 жыл бұрын Қазақстан егемен ел атанып, шекарасын бекемдеді. Төрткүл дүниеге тәуелсіз мемлекет ретінде танылды. Әлем елдерімен терезесі теңесті. 1986 жылы Алматы алаңында өткен азаттық үшін арпалыс халқымызды бостандыққа жетеледі. Тарихи дата қарсаңында мегаполис тұрғындары Тәуелсіздік монументіне жиналып, тарихқа тағзым етті.

Тәуелсіздік монументіне қойылған ақ, қызыл гүл шоқтары — тарихта қалған қаралы күнге тағзым. Алматылықтар Желтоқсан оқиғасы қарсаңында жанын құрбан еткендерге құрмет көрсетіп, бір минут үнсіздік жариялады.

Аманғазы Кәрімжан Желтоқсанның ызғарлы күндерін бір сәтке де ұмытқан емес. Азаттық жолында қасқайып қарсы тұрды. Оның сөзінше, Алматыда өткен бұл оқиға әлем саясатына айтарлықтай әсерін тигізді.

Аманғазы Кәрімжан, «Желтоқсан» мәдени-тарихи танымдық орталығы» ҚБ төрағасы:

Желтоқсан көтерілісі ғаламдық көтеріліс. Экономикалық талап қойылған бірнеше көтерілістер болды. Саяси талап қойып, коммунистік жүйенің бетін қайтарған бірінші көтеріліс - желтоқсан көтерілісі. Одан кейін бірнеше мемлекеттер тәуелсіздік алып, бірнеше одақтар ыдырады.

Шараға жиналғандар бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның ұрпақтары ел егемендігі үшін еңбек етуі тиіс екенін айтты. Сондай-ақ азаттықты ұрпақтан ұрпаққа жеткізу қазіргі жастарға артылған аманат екенін де тілге тиек етті.

Әкежан Кеңесов, қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі:

Тәуелсіз мемлекетте, егемен елде туылған жас ұрпақ үшін бұл Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке ғана емес, жалпы біз үшін берілген үлкен жауапкершілік. Тәуелсіздіктің қадірін біліп, оны насихаттап жүру басты мақсатымыз.

Тәуелсіздік монументіне жиналған жұрт өткенге тағзым етіп, егемен елдің болашағы үшін жауапкершілік бүгінгі ұрпаққа жүктелетінін атап өтті.


Бөлісу